Ендігі бесжылдықта алар асуымыз мол - «ҚазҚұрылысӘйнек» компаниясының басқарма басшысы Мұратхан Тоқмәди
2014 жылғы 26 желтоқсан 11:59

Ендігі бесжылдықта алар асуымыз мол - «ҚазҚұрылысӘйнек» компаниясының басқарма басшысы Мұратхан Тоқмәди

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ел экономикасының дамуына үлкен серпін берген индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы қорытындыланды. Алғашқы жылдар аса жеңіл бола қоймағанымен, жаңадан ашылған жобалар Қазақстанның өндірістік қуатын арттырып, әлеуметтік ахуалын бір серпілтіп тастағаны анық. Қаншама жұмыс орындары ашылып, аймақтардың дамуына ықпал етілді. Мақсат етілген межеге қол жеткізілді.

Индустриалды дамудың екінші бесжылдығы дағдарыс жылдарымен тұспа-тұс келсе де Қазақстанның әлемдік үздіктер қатарынан көрінуін қамтамасыз етері анық. «Біз бастап отырған индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының басты міндеті - өңдеу өнеркәсібін шикізат саласының деңгейіне жеткізу, біртіндеп одан да асып түсу. Біз таңдаған индустрия мен инновация дамудың Нұрлы жолы болып саналады» деп Мемлекет басшысы айтқандай басты басымдық өңдеу саласының кәсіпорындарына берілетіні мәлім.

Солардың бірі кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсат етуімен Астанада ашылған «ҚазҚұрылысӘйнек» компаниялар бірлестігінің шыны өнімдерін шығаратын зауыты.

Жаңа жобаның алға қойған мақсаттары мен асқаралы белестері туралы «ҚазҚұрылысӘйнек» компаниялар бірлестігінің басқарма төрағасы Мұратхан Тоқмәди әңгімелеп берді.

- Сіздер 10 жылдан бері Қазақстан нарығында тұрақты жұмыс жасап келесіздер. Биылдан бастап кеңейіп, Астанада жаңа зауыт ашып отырсыздар. Жаңа өндіріс орны өндіріс қуатын қаншалықты арттыруға мүмкіндік береді?

- Қазақстан нарығында 2004 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Шыны өндіруден бірінші зауытымыз Алматыда ашылған. 10 жылдан кейін өндірісімізді екі есе кеңейтіп, Астанадан қуат үнемдейтін шыны өндіретін зауытымызды ашып жатырмыз. Ол заманауи өндірістік кешен «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қазіргі Алматы зауыты жылына 250 мың шаршы метр шыны пакеттер шығаратын болса, жаңа зауыттың ашылуымен компанияның өндірістік қуаты екі есеге артып, жылына 500 мың шаршы метр шыны пакеттерді құрайды. Біздің өнімдеріміз мемлекетіміз соңғы уақытта ұстанып жүрген «жасыл экономика» принциптеріне толықтай жауап береді. 2017 жылы елімізді маңызды оқиға «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Оның негізгі құрылыс материалдарының бірі - әйнек. Біздің зауытымыз ең алдымен сол ЭКСПО нысандарын толық қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, қазір Қазақстанда құрылыс қарыштап дамып келеді. Біздің өніміміз, бірінші кезекте экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, энергия үнемді, жазда күннің ыстығын, қыста суықты өткізбейді. Өнімнің қауіпсіздігін арттыру үшін Еуропадан 3 пеш әкелінген. Оның барлығы 100 пайызға толық жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, біз Орта Азия елдерінде бірінші болып баспамен фасад өндіруді игердік. Оның ерекшелігі ұзаққа шыдап, ғимаратқа көркем келбет береді. Мұндай фасадтар тек Астана емес, Алматының көптеген ғимараттарына «Достық Плаза», «Мега» деген сауда орталықтарына қойылды. Сондай-ақ, өнімдерімізді Орта Азия елдеріне экспорттап отырмыз. Болашақта экспорт нарығын да кеңейтіп, Монғолияға шығарсақ деген ойымыз бар.

- Мемлекеттік қолдаудың қандай құралын пайдаландыңыздар?

- Біздің компанияның аяғынан нық тұруына мемлекеттің, үкіметтің көрсеткен қолдауы көп болды. 3 жыл қатарынан инновациялық грант ұтып алдық. Ол жай берілмейді. Оған көп еңбекпен, ізденіспен келдік. Көптеген іргелі компаниялармен сайысқа түстік. Мемлекет қолдауы тек гранттармен шектелмейді. Мәселен, «Даму» қорының «Өндіріс», «Өндіріс-2» бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Ол бойынша ШОБ-тарға несие 10 жылға 6 пайыздық үстемемен беріледі. Бұл өте үлкен жеңілдік. Елбасы 2015 жылдан бастап күшіне енетін инвестициялар туралы заңға қол қойды. Оның зор пайдасы бар. Қандай да бір инвестиция салынса, жоба бірлескен болса да 30 пайызға дейін мемлекет кепілдік береді. Біз бүгін көптеген инвесторларды шақырып жатырмыз. Көптеген инвесторлар көршілеріміздің жағдайларын қарап, Қазақстанға жоспар құрып отыр. Ол өте үлкен мемлекеттік қолдау. Қазір Ресей, Польша т.б. еуропалық бизнес, өндіріс иелерімен кездесу жүріп жатыр. Әлбетте, олардың қызығушылығы жоғары. Қазақстанда ең тиімді оңтайландырылған бизнес орта жасалған. Біріншіден, 6 пайызбен 10 жылға несие беру ешқашан болмаған. Тіпті мемлекеттік гранттың ерекшелігі шетелден шақырылған мамандардың жалақысының 40 пайызын мемлекет төлейді. Ол өте керемет қолдау деп санаймын. Мәселен, «Астана- жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында біздің компания шыны өндірушілерден жалғыз. Ол жерде салық төмен, сәйкесінше, біздің өнімнің бағасы да төмен әрі бәсекеге қабілетті. Мемлекеттің осындай өлшеусіз көмегінің арқасында, міне, ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етіп, халыққа табыс көзін ашып беріп жатырмыз.

- Жаңадан ашылған зауытта қанша жаңа жұмыс орны ашылды?

- Алматы зауытында 140 адам жұмыс істейді. Астанада қазір 80 адам жұмыс істеп келе жатыр. Барлығы 240 адам жұмыспен қамтылған. Әрине, адам капиталына үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Қандай керемет құрал-жабдық болса да, оны басқаратын адам. Оларды бағалай білу керек. Біздің мамандардың барлығы Еуропада, Ресейде оқып білім алып, әлемнің жетекші зауыттарында тәжірибеден өткен. Қазақстанда ондай мамандық жоқ. Сол себепті шетелде оқытамыз. Жыл соңында жақсы нәтиже көрсеткен үздіктерді марапаттап, түрлі сыйлық беріп тұрамыз.

- Индустриалды-инновациялық дамудың жаңа белесіне аяқ басқалы отырмыз. Келер бесжылдықта алар асуларыңыз қандай? Жоспарларыңызбен бөліссеңіз

- Келер бесжылдықта да компаниямыздың елдің индустриялық дамуына қосатын үлесі арта түсетініне кәміл сенемін. Алматы әкімінің шешімі бойынша Алатау индустриялық аймағынан бізге 6 га жер бөлінді. Бұйыртса, келер жылдары осы аймаққа көшеміз. Онда қажетті инфрақұрылым, су, газ тартылған. Бізге тек зауыт салу міндеттелген. Бұл Алматы зауытынан екі есе үлкен, ТМД елдеріндегі ең ірі зауыт болады. Ал, ескі зауыттың орнында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша ауданы 110 мың шаршы метр болатын 22 тұрғын үй саламыз. 1611 адам баспанамен қамтылады. Олардың жартысы кезектегі баспанаға мұқтаж адамдар болса, жартысы «ҚазҚұрылысӘйнек» компаниясында 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ардагер қызметкерлерге беріледі. Жобаны «Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік қорымен бірігіп жүзеге асырмақпыз. Жаңа тұрғын үй кешені жылу энергиясын үнемдеу технологиясымен салынады. Жылу қуатын үнемдейтін шыны пакеттерін қолдану 30 пайызға дейін энергия шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бүкіл қалаға үлкен үлгі болады. Қала әкімі Ахметжан Есімов айтқандай, энергия үнемдейтін үйлер салу қаламызда пилоттық жоба болмақ. Индустриялық-инновациялық дамудың келер бесжылдығының 3 жылында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Jańalyqtar

MURAǴAT