Енді Ұлттық ғылым академиясының басшысын Президент тағайындайды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы «ҚР Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Енді бұл ұйым ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы болып өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін жоғарылату мақсатында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» ҚР Конституциялық заңының 10 және 33-баптарына сәйкес қаулы етемін:

«ҚР Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы етіп қайта өзгертсін. Ұлттық ғылым академиясының президентін ҚР Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады деп белгіленсін», - делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.

Жарлық жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Еске сала кетейік, былтыр 1 маусымда Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойлық сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттен қаржы бөліп, мемлекеттік мәртебе бере отырып, Академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын.

«Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан, оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек. Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де Академияға берілгені жөн», - деген еді Президент.

Кейін академиктердің ұсынысы бойынша Үкімет ҰҒА-ны трансформациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оның негізгі міндеті Академия қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды қалыптастыру болды.


Соңғы жаңалықтар