Енді өзге банк клиенттеріне телефон нөмірі мен QR-код арқылы ақша аударуға болады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Ұлттық Банкі 24/7 режимінде әртүрлі банктердің клиенттері арасында жедел аударымдар мен төлемдерді жүргізу үшін жүйенің жаңғыртылған платформасы өнеркәсіптік қолданысқа енгізілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жүйе қаржылық қызметтерді тұтынушыларға қызмет көрсететін қандайда бір банкке қарамастан, онлайн қолжетімді болуы үшін және төлем құралдарын пайдаланатын ыңғайлы әрі қарапайым төлем сервисін ұсыну мақсатында әзірленген. Жүйе әртүрлі банк клиенттері арасында телефон нөмірі арқылы аударымдарды және QR-код арқылы төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жедел жүйе қаржы институттары ұсынатын цифрлық қызметтердің ауқымын дамытып, кеңейтуге негіз бола алады», - делінген ҚҰБ мәлімдемесінде.

Сервис 2 кезеңде іске қосылмақ. Бірінші кезең – жеке тұлғалардың телефон нөмірі бойынша аударымдар. Екінші кезең – QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер (ұлттық QR-код стандартына сәйкес) және сауда ұйымдарының пайдасына жаңа төлем сценарийлерін, оның ішінде сұраныс бойынша төлемдерді жүзеге асыру.

«Телефон нөмірі бойынша аударым жасау үшін ақша жіберетін адам өз банкінің мобильдік қосымшасына кіріп, ақша алатын адамның телефон нөмірін енгізіп, қай банкке, қанша аударатынын көрсету керек. Аударылған сома ақша алушыға оның ЖТЖ қатысушы банктегі шотына лезде түседі. Ал, банктер өз клиенттері үшін P2P-аударым қызметтерінің тарифін дербес белгілейді», - деп толықтырады ҚҰБ мамандары.

Бүгінгі таңда екінші деңгейлі 9 банк жедел төлем жүйесіне қатысу туралы келісім жасасты, оның 4-і өз клиенттеріне жүйені қосып қойды, қалған 5 банк қосылу процесінде. Жаңа қызмет осы банктердің мобильді қосымшаларындағы ішкі процестердің жетілдірілуіне қарай пайда болады.

Сервистің іске қосылғаны клиентке қызмет көрсетуші банктен хабарланады.


Соңғы жаңалықтар