Енді өнім құнының артуына байланысты табысымыз да арта түспек - «Қазфосфат» компаниясының бас директоры М.Ескендіров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бүгін қабылданған теңгені еркін ағымға жіберу туралы шешім химиялық саланың өндірушілерін де бір серпілтті. Бұл туралы ойын бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңес барысында елдегі ірі экспоршылардың бірі «Қазфосфат» компаниясының бас директоры Мұқаш Ескендіров білдірді.

Бизнесмен Мемлекет басшысына дер кезінде қабылданған шешімге ризалығын білдіріп, болашақтағы жұмыс жоспары туралы баяндады. «Қазфосфат» компаниясы 33 елге өнім экспорттайды. Оның ішінде РФ, АҚШ, Еуропа елдері бар. Соңғы жылда біздің өніміміздің құны 15 пайызға арзандап кетті. Біз Қытай, Вьетнам өндірушілерінің алдында бәсекеге қаблеттілігімізді жоғалтып алдық. Сондықтан бүгінгі ұлттық валюта бағамының теңсіздігін жою туралы шешім жұмыс орындарын сақтап, біздің өзге экспорттаушылар алдындағы басымдығымызды қайта қалпына келтіруге көмектеседі деген сенімдемін», - деді М.Ескендіров. Кәсіпкердің айтуынша, олар экономикалық қиындыққа қарамастан, бір де бір жұмысшыны қысқартпай, тіпті өндіріске инвестиция салып келеді. «Біз өндіріске инвестиция салуды бір сәтке тоқтатпадық. Биыл экстрациялық фосфор қышқылы өндірісінің құрылысын бастадық. Жоба келер жылы бірінші тоқсанда аяқталады. Бұл моноаммоний фосфаты өндірісі көлемін биыл жарты млн. тоннаға арттыруға, 2 жылдан соң 1 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік бермек», - деді ол. Компания басшысының айтуынша, өндіріс орнында 6 мың қазақстандық еңбек етуде. Олардың біреуіне де дағдарыстың салқыны тимеген. Салық, жалақы мәселесінде де жұмысшыларға қиындық келтірмеуге тырысқан. «Енді өнім құнының артуына байланысты табысымыз да арта түсетіні анық. Осы орайда жұмысшыларымыздың жағдайын одан әрі тұрақтандыруға уәде етемін», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар