Енді ауыл тұрғындары мемлекеттік қызмет алу үшін аудан-қалаға сандалмайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде ауыл тұрғындары мемлекеттік қызмет алу үшін аудан немесе жақын маңдағы қалаға баруға тиіс. Ендігі уақытта ауылдан шықпай-ақ мемлекеттік қызметті алу мүмкіндігі туады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Назгүл Бажаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мақсатында «Қазпошта» ұлттық операторының базасында цифрлық бұрыш пайда болады. Цифрлық бұрыш қызметін пошта жұмысшысы ұсынады. Ол жер интернет, компьютер және басқа да қажетті техникамен жабдықталған. Бүгінде ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметті алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесі бар аудан орталығына немесе қалаға барады. Ол уақыт пен ақшаны талап етеді», - деді Назгүл Бажаева «AMANAT» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, цифрлық бұрыштар Қазпоштаның ауылдағы 2 мың бөлімшесінде ашылады.

Сондай-ақ, аталған жаңашылдық бүгінде ШҚО-да пилоттық режимде іске асып жатыр.

Одан бөлек, министрлік өкілі 2025 жылдың соңына дейін елімізде кемінде 20 мың ІТ маманын даярлау жоспары тұрғанын тілге тиек етті.

Бұған дейін қазақстандықтар енді барлық жерде жеке куәліктің электронды нұсқасын қолдана алатынын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, қазақстандықтарға үйдегі интернет операторын таңдау мүмкіндігі берілмек.

Одан бөлек, EgovMobile арқылы алуға болатын құжаттар саны көбейгені айтылды.


Соңғы жаңалықтар