Еңбекке қабілетті халықтың 80% жеке секторда жұмыс істейді – Тимур Құлыбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев нақты ақшалай табысына көңіл бөлуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы 4 жылда азық-түлік бағасы 37%, өзге тауарлар 42%-ға қымбаттады. Ал халықтың нақты ақшалай табысы небары 11%-ға өсті. Халық бастапқы қажеттіліктерге қаражат жетіспеушілігін тұтынушылық несие арқылы шешуге мәжбүр. Нәтижесінде азаматтарға берілген несие көлемі 22%-ға немесе 6,2 трлн теңгеге дейін өсті, ал несиенің жартысынан көбі кепілсіз берілген. Сондықтан мұндай несиелеуде үлкен сын-қатер бар.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы шешім қабылдағанын білесіздер. 1,6 миллионнан асатын бюджеттік қызметкерлердің мәртебесін көтеру үшін жалақыларын күрт арттыру қажет. Бюджеттік қызметкерлердің жалақы қоры 2,2 трлн теңгеге бағаланып отырғанын ескерсек, жоғарыда аталған өсім үшін үш жылға 2,9 триллион теңге немесе жыл сайын орта есеппен 1 трлн теңге қажет. Сонымен бірге, біз азаматтардың кірісінің өсуіне тек бюджет есебінен қол жеткізуге болмайтынын түсінеміз. Еңбекке қабілетті жастағы халықтың 80% жеке секторда жұмыс істейді. Сондықтан нақты секторды дамытуға баса назар аудару керек. Мұнда екі негізгі аспект бар: қаржы мен өткізудің қолжетімді болуы», - деді Т. Құлыбаев ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен депуттармен кездесуде

Оның айтуынша, нақты секторды несиелеуде тұралау байқалады. Қазіргі уақытта банктердің несие портфелі 13,4 трлн теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 5,4% төмендеген. Шағын және орта бизнес несиесі 12,5% төмендеді. 2018 жылы ЖІӨ-дегі банктік қарыздардың үлесі 56,5%-дан 21,2%-ға дейін төмендеді. Орташа кәсіпорындардың саны да азайып, негізгі капиталға инвестиция азайып келеді.

Сондай-ақ, Т.Құлыбаев 2019 жылдың қазан айында жүргізілген жедел сауалнама нәтижесін айтып, өндірістік кәсіпорындардың 60%-ында айналым қаражатын алуға несие алу проблемалары бар екенін жеткізді. Бұл көбінесе банктердің жоғары сұранысына, несие ставкасының жоғары деңгейіне және кепілдік базаның болмауына байланысты көрінеді.

Соңғы жаңалықтар