Еңбек режимін сақтап, көңілді жүру керек - Қазақстанның үздік дәрігері кеңес берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 2019 жылдың үздік дәрігері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жүлдені Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің онколог-хирургі Телман Әлғожин жеңіп алды.

«Менің еңбек өтілім биыл 23 жыл болады. 1996 жылы институт бітірісімен Павлодар облыстық онкологиялық диспансеріне келдім. Сол орында табан аудармай 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Онда өкпеге торокалды ота жасаумен айналысамын. Қазір бас дәрігердің орынбасары қызметін де атқарамын. Байқауда өңірлік дәрігерлерге көңіл бөлінгені қуантады. Бұл - менің ғана емес, тұтас ұжымның жетістігі. Елімізде бұл марапатқа лайық әріптестерімнің көп екеніне сенімдімін», - деді Тельман Әлғожин тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге, дәрігер өз өңіріндегі онкологиялық жағдай жөнінде баяндап берді.

«Павлодар - онкологиялық аурулар жиі кездесетін өңірлер қатарында. Мұнда өнеркәсіптік ынсандар көп. Халықтың демографиялық құрамы да елеулі ықпал етеді. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде халықтың орташа жасы 32 болса, біздің өңірде анағұрлым жоғары. Адамның жасы - онкологиялық аурулардың басты факторларының бірі. «Адам ажалсыз болса да, күндердің күнінде қатерлі ісікке ұшырайды» деген сөз бар. Өйткені, біздің жасушамыз күнделікті жаңарып отырады, жаңа жасушалар өседі. Сол сәтте ақау туындаса, жасушалар дұрыс өспей, ауру пайда болады», - деді ол.

Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісікті болдырмау үшін оның алдын алған жөн.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, бүгінде адам денсаулығына әсер ететін факторлардың 50% - әлеуметтік-тұрмыстық, 20% - мұрагерлік, 20% - экологиялық және 10% ғана медицина екені дәлелденген. Ең үлкен бөлікті құрайтын әлеуметтік-тұмыстық факторларға өмір салты, зиянды әдеттер, еңбек пен демалыс режимі, психологиялық-эмоциялық көңіл-күй енеді. Сондықтан, еңбек режимін ұстанып, күйзеліс шақыратын жағдайлардан сақтанған адам онкологияның даму қаупін 20-30 пайызға азайта алады», - деп кеңес берді Т. Әлғожин.

Айта кетейік, Елордада «Денсаулық сақтау жүйесінің үздіктері» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шара маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған. Онда мыңнан астам отандық мамандар байқаудың 16 аталымы бойынша құжат тапсырған.

Соңғы жаңалықтар