Еңбек өнімділігін арттыру шығынының 40% -ын мемлекет өтейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері QazIndustry еңбек өнімділігін арттырған 16 кәсіпорынға 92,4 млн теңгеге өтеген. «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда QazIndustry ұсынатын еңбек өнімділігін арттыру және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету бойынша мемлекеттік ынталандыру шараларын бизнестің барлық санаттары да ала алады. Яғни шағын, орта және ірі деп бөлектемейміз. Кәсіпорындар аталған мақсаттарға жұмсаған шығынның 40% -на дейін өтейміз. Мысал келтірсек, «AlumConstruction» ЖШС әйнекті қайта өңдеу көлемін 2 есеге арттырғаны үшін осындай өтем төленді», - деді QazIndustry басшысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, «Karlskrona LC AB» ЖШС-не шетелдік маманды тарту шығындарының бір бөлігі төленген. Соның арқасында өндірістік процестері оңтайландырылып, жаңа сорғы жабдықтарының желісі игерілген.

«Бұдан былай отандық өндірушілерде елдің кез келген нүктесінен шығындарды өтеу туралы электрондық өтінім беру мүмкіндігі бар. Бұрын олар қағаз жүзінде жіберуге және сәйкесінше пошта шығындарын төлеуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, QazIndustry ұсынған қолдау шаралары мемлекеттік қызметтер санатына ауыстырылды. Бүгінгі күні кәсіпорындар еGov электрондық үкімет порталы арқылы өтінім бере алады», - деп толықтырды Берік Бекенов.

Компания өкілі 2021 жылдың бірінші тоқсанында QazIndustry мекемесіне еңбек өнімділігін арттыру бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуге 104 өтінім келіп түскенін айтады. Әзірге соның 16-сы мақұлданып, жалпы сомасы 92,4 млн теңгеге шығындар өтелген. Құжат қабылдау әлі жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар