Еңбек нарығын болжаудың ұлттық жүйесі құрылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін құруды ұсынды. Бұл бастама ашық талқыға шығарылған ведомство басшысының бұйрығында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұйрық жобасына сәйкес, еңбек ресурстарының болжамын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді. Ол үшін мамандандырылған статистикалық бағдарлама қолданылады. Бағдарлама көмегімен нарықтық жағдайларға талдау жүргізіліп, еңбек ресурстарының болжамы жасалады.

Құжатта көрсетілгендей, еңбек нарғындағы болжамдар мына мерзімдерге жасалады:

- қысқа мерзімді болжау кезеңі – 1 жыл;

- орта мерзімді болжау кезеңі – 6 жыл;

- ұзақ мерзімді болжау кезеңі – 2050 жылға дейін.

«Қысқа мерзімді кезеңге арналған еңбек ресурстарының болжамы жыл сайын әзірленеді және төрт тоқсан кезеңін қамтиды. Орта мерзімді кезеңге арналған еңбек ресурстарының болжамы жыл сайынғы негізде дайындалады. Ұзақ мерзімді кезеңге арналған еңбек ресурстарының болжамы (демография болжамы) жыл сайын әзірленеді және 2050 жылға дейінгі аралықты қамтиды», - деп жазылған бұйрықта.

Талдау жұмыстарына еліміздің барлық өңірі енеді. Оның нәтижесінде нақты қалалар мен аймақтарда алдағы уақытта болуы мүмкін маман тапшылығы, бос жұмыс орындарының есебі дайындалмақ. Министрлік мәліметінше, бұл ақпараттар «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпарат порталында жарияланады. Бұл өз кезегінде түлектерге болашақ мамандықты таңдау кезінде сұраныстағы салаларға басымдық беруіне жол ашады.

Бұйрық жобасын ашық талқылау 14 желтоқсанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар