Еңбек министрлігінде Ұлттық ресурстық орталықтың тұсаукесері өтті

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде адам ресурстарын дамыту, сондай-ақ қазақстандық әлеуметтік жұмыс жүйесін жетілдіру мақсатында БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар қорының қолдауымен құрылған Әлеуметтік жұмыс бойынша Ұлттық ресурстық орталықтың тұсаукесері өтті, деп хабарланды Еңбек министрлігінің сайтында.

Кездесуді ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында көрсетілген тапсырмаларын ескере отырып, әлеуметтік мәселелерді және әлеуметтік қызметтерді шешу Ел саясатының маңызды бағытының бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсарту үшін халықаралық стандарттарға сәйкес, бүгінгі күні біздің елімізде әлеуметтік қызметтердің жаңа түрлерін енгізу және әлеуметтік қызметтерді жаңғырту арқылы оның  сапасын арттыру міндеті тұр. Осыған байланысты әлеуметтік қызмет көрсету мен көмек көрсетудің кешенді үлгісін енгізу басталды, ол әлеуметтік қызметкерлердің білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа да салалардағы жұмысын үйлестіру тетігін жетілдіруді көздейді, бұл мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді»,- деді Мәдина Әбілқасымова.

Әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында осы  сала мамандарының білім деңгейі мен практикалық дағдыларын арттыру  маңызды мәселе болып отыр. 

«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау саласында 10 мыңнан астам әлеуметтік жұмысшы еңбек етіп келеді, олар арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 116,8 мың адамға қызмет көрсетеді. Бұл ретте, аталған  орталықтың алдында барлық деңгейдегі әлеуметтік жұмыскерлерді жоғары, орта және жоғары оқу орнына дейінгі оқу орындарында кәсіптік даярлау стандарттарын жүйелендіру, сондай-ақ  орталық және аумақтық деңгейде әлеуметтік жұмыскерлерді даярлау,  қайта даярлау бойынша үлкен міндеттер қойылған»,  -деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, қоғамдық бірлестік басшылары Әлеуметтік жұмыс бойынша Ұлттық ресурстық орталығының тұсаукесеріне қатысып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандырудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар