Еңбек министрлігінде Президент тапсырмаларын нәтижелі орындау мәселелері талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлікке сілтеме жасап.

Кеңеске Ауыл шаруашылығы, Әділет, Қаржы, Ішкі істер министрліктері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ, бейнеконференция байланысы режимінде – өңірлердің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері мен Еңбекпен қамту басқармаларының басшылары қатысты.

Бердібек Сапарбаев кеңес жұмысын аша отырып, халықтың жұмыспен қамтылуына және мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты Президенттің бірқатар нақты тапсырма бергенін атап өтті.

«Бірінші жартыжылдықтың нәтижелеріне сүйенсек, бұл жұмыс бірқатар өңірлерде тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын көрсетіп отыр», - деді министр. Атап айтқанда, ол жергілікті бюджеттен АӘК қоса қаржыландыру мәселелерін шешу, жәрдемақы тағайындау мен төлеу кезінде бұзушылықтарға жол бермеу, артық төлем және заңсыз төленген қаражатты өндіріп алу, учаскелік комиссиялардың жұмысын жақсарту қажеттігіне назар аударды.

«Сондай-ақ, әлеуметтік келісімшарттар жасау және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жұмысқа орналасуы бойынша шаралар Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында баяу іске асуда. Барлық көрсетілген кемшіліктерді 1 тамызға дейін шешу қажет. Министрлік бұл мәселе бойынша апта сайын талдау жүргізеді», - деп атап өтті Сапарбаев.

Сонымен қатар, кеңесте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Еңбек министрі бірқатар өңірлерде бағдарлама көрсеткіштерінің орындалмай жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Түркістан, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында қысқа мерзімді оқыту жоспардың 15-20 пайызы деңгейінде ғана. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік гранттар беру бойынша көрсеткіштер төмен деңгейде.

«Ел Президенті Үкімет пен әкімдердің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Мен барлық өңірлерді ол міндеттердің сапалы орындалуына ерекше жауапкершілікпен қарауды сұраймын», - деп қортындылады сөзін министр.

Соңғы жаңалықтар