Еңбек министрлігі халықтың борыш жүктемесін азайту үшін не істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау істері басқармасының басшысы Асқар Ниязов ҚР Президентінің қазақстандықтардың борыш жүктемесін төмендету туралы Жарлығы аясында ведомствоға қандай міндеттер жүктелгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асқар Ниязов мемлекет қабылдаған шаралар Мемлекет басшысының сайлау алдындағы науқанында айтылған бағдарламадан туындағанын айтады.

«Бұл Жарлық дер кезінде шықты. Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды кампаниясында әлеуметтік бағыттағы саясат жалғастатынын және халықтың нақты табысын арттыру бойынша шаралар қабылданатынын айтқан болатын. Бұл Жарлық барлық азаматтарға емес, белгілі бір санаттарға - халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Олар - көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, асыраушысынан айырылған отбасылар», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Асқар Ниязов Еңбек министрлігі Жарлық аясында қандай жұмыс жүргізетінін айтты.

«Жарлықты жүзеге асыру тәртібін Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі пысықтайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталмыш санаттарды ұсынуға құзыретті болады. Несиені өтеу тәртібі белгілі болған жағдайда, өтініш беруші адамның әлеуметтік жағынан қаншалықты осал екенін анықтап, қарастырылған санатқа жататынын растаймыз", - деді Асқар Ниязов.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар