Еңбек министрлігі 22 мемқызметті электрондық және белсенді форматқа ауыстырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 22 мемлекеттік қызмет электрондық және белсенді форматқа ауыстырылады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Еңбек министрлігінің 38 мемлекеттік қызметінің 12-сі электрондық форматта, 3-еуі белсенді, 7-еуі қызмет композитті немесе кешенді түрде көрсетіледі. Мәселен, бала тууына байланысты жәрдемақы тағайындау бойынша қызметтер өтінішсіз немесе белсенді көрсетіледі. Барлық зейнетақы төлемдері бір өтініш бойынша кешенді немесе композитті тағайындалады.

«Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесін 2019 жылы - 80, 2020 жылы 90 пайызға жеткізуді міндеттеді. 2019 жылы электрондық және белсенді форматқа әлеуметтік-еңбек саласының тағы 22 мемлекеттік қызметі көшіріледі» - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ведомство басшысының дерегінше, 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылардың тізімін көруге мүмкіндік беретін отбасылардың әлеуметтік карталары қалыптастырылатын болады. Бұл болашақта мемлекеттік қызметтерді белсенді көрсетуге мүмкіндік береді. Еңбек саласында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға ықпал ететін электрондық еңбек шарттары жүйесін енгізу жөніндегі цифрлық жобаны іске асыру жалғастырылады.

«Әлеуметтік салада жұмыс істейтіндердің барлығы бұл қарапайым қайта құрулар емес, әр қазақстандыққа, әр отбасына қатысты қайта құрулар екенін түсінуі тиіс. Бұл бізден тиісті қайтарым мен жеке көзқарасты талап етеді. Біздің жалғыз ғана мақсатымыз - барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсарту», - деді Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар