Еңбек министрі жаңа нормалар турасында: Такси құны қымбаттамайды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа Әлеуметтік кодекс аясында онлайн-платформалар өздерінің жұмысшылары үшін тиісті төлем аударады.

Бұл туралы Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кодекстің тағы бір жаңалығы жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыруға қатысты. Қазақстанда қолданыстағы 5 әлеуметтік тәуекел бойынша сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттар мен нақты экономикалық жағдайларға сәйкес келеді. Жүйенің негізі сақталады, бірақ оның мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға ғана емес, ең алдымен, ресми жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру үшін заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады», – деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, осы мақсатты орындау үшін Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізілді.

«Екіншіден, онлайн-платформа (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.) арқылы жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады. Олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді», - деді министр.

Сонымен қатар министр «тәуелсіз жұмыскер», яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілгенін еске салды.

«Егер тәуелсіз жұмыскер өз қызметін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл адамдар ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, бұл жұмыскерлер үшін онлайн платформасының опреторлары салық агенттері болып қаралып, арнаулы салық режимдеріне сәйкес, жұмыскерлердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отыратын болады.

«Бұл жағдайда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қордан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады. Тиісті аударымдар болмаған жағдайда, оларға заңда белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана беріледі», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда Сенатта өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден «онлайн-платформа жұмысшыларына қатысты аталған әлеуметтік пакет такси немесе басқа да қызметтердің құнын арттыруы мүмкін бе», - деп сұрады.

«Бұл қадамдар қызмет тарифінің өсуіне ықпал етпейді. Осы аптада таксистер қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, түсіндіреміз. Олардың шарттарында бюджетке бағытталатын төлемдер мен әлеуметтік аударымдар ескерілген. Олар онлайн-платформаларға немесе делдалдарға аударып жатқан комиссия төлемдері аясында жұмыс жалғаса береді. Бұл тұрғыда ешкімге де қосымша қаржылай жүктеме болмауы тиіс. Бұдан бөлек, тіркеуге тұру үшін қосымша құжаттар да қарастырылмаған. Өйткені бұл адамдар аталған онлайн-платформамен жария шартты осыған дейін бекіткен болатын», - деді Т. Дүйсенова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, онлайн платформалар арқылы (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.) жұмыс істейтін таксистер үшін арнайы салық режимі енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар