Еңбек министрі мемқызмет көрсетудің проактивті форматын кеңейтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетуде жұмыстың проактивті форматын кеңейтеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Проактивті форматтың мәні мынада. Егер бұрын азамат қандай да өмірлік жағдайда қызмет алу үшін мемлекетке баратын болса, ендігі уақытта бұл әдісті өзгертеміз. Енді мемлекеттік түрлі деректер базасының, ақпараттық жүйелердің арқасында мемлекет адамда қандай да бір өмірлік жағдай орын алғанын көреді және азаматтың келгенін күтпейді. Проактивті форматта онымен байланысқа шығып, белгілі бір төлемді, қандай да бір қолдау іс-шарасын алуға құқығы бар екенін хабарлайды. Яғни, бұл орайда біз әдісті өзгертеміз. Осынау проактивті әдіс философиясын кеңейтетін боламыз. Біз үшін ешкімнің де мемлекеттік қолдау іс-шарасынан тыс қалып қоймауы маңызды», - деді Олжас Орбаев БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында.

Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы Дәулет Арғандықов бүгінде бұл жұмысқа 24 ақпараттық жүйе қолданылатынын айтады. Олар түрлі көрсеткіштің негізінде адамның жағдайын, проблемасын және қандай қолдау іс-шарасына мұқтаж екендігін анықтайды.

«Адамның телефонына sms-хабарлама келеді. Мәселен, егер адамның баласы дүниеге келсе не жұмысынан айрылып қалса, онда оған хабарлама келеді. Егер ол келісім берсе, онда банк мәліметтерін енгізеді. Осыдан кейін автоматты түрде есептеу болып, қаражат ағымдағы есепшотына түседі. Барлығы өте қарапайым», - деді орталық басшысы.

Айта кетерлігі, бүгінде 14 мыңнан астам адам проактивті форматта көмек алып үлгерді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс кеңейтіле түспек. Sms-хабарлама міндетті түрде 1414 нөмірінен келуі тиіс.


Соңғы жаңалықтар