Еңбек министрі еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесі туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елімізде 6 млн 600 мың жалдамалы жұмыскер бар. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек қатынастарын реттеудің қазақстандық моделі жұмыс берушілер мен жұмысшылар мүдделерінің тиімділігін және әлеуметтік диалогты қамтамасыз етуі қажет. Бүгінде елімізде 6 млн 600 мың жалдамалы жұмыскер, 300 мыңға жуық жұмыс істеп тұрған кәсіпорын, сондай-ақ 696 кәсіподақ бар. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттік еңбек рейтингінде еңбек жағдайын сипаттайтын компонент бойынша 2019 жылы Қазақстан 140 мемлекеттік ішінде 25-ші орынды иеленіп отыр», - деді министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.

Осы орайда Б. Нұрымбетов бұл заң жобасы еңбек қатынастарын, әлеуметтік серіктестікті, қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерін реттеуге бағытталғанын атап өтті.

«Заң жобасындағы еңбек қатынастарын реттеу саласына қатысты негізгі өзгерістерге тоқталсақ, еңбек шарттарын жасасу және есепке алу процесін автоматтандыру мақсатында «еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесі» деген ұғым енгізіліп отыр. Аталған шара жұмыскерлердің еңбек өтілін, біліктілігін, жұмыс орнын растау тәртібін жеңілдетуге, жұмыскер туралы расталған ақпарат алуға және сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда министрлік іске асырып отырған қанатқақты жоба аясында 23 762 мекеме жасалған еңбек шарттары туралы 1 млн 220 мыңнан астам мәлімет енгізді», - деді Біржан Нұрымбетов.

Соңғы жаңалықтар