Еңбек министрі БҚО жұртшылығына АӘК төлеудің жаңа тетіктерін түсіндірді

None
None
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Дария аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, «Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасына қатысушылармен әңгімелесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сондай-ақ ведомство басшысы «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның еңбе ұжымымен кездесті. Өткен кездесулер барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын және АӘК көрсетудің жаңа тәсілдерін түсіндірді.

Біржан Нұрымбетов Халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерімен, сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларымен сөйлесу барысында Жолдауда айтылған көпбалалы аналарды микро және шағын бизнеске тарту жөніндегі тапсырманы іске асыру үшін аталған бағдарламаға өзгерістер енгізілетінін хабарлады.

«Жаңадана шылатын бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында көпбалалы отбасыларға арналған жобалар үшін микрокредиттеу мерзімін арттыру ұсынылады. Кредитті өтеу бойынша қаржылық жүктемені азайту үшін біз номиналды сыйақы ставкасын төмендетуді ұсынамыз. Жеткілікті кепіл мүлкі жоқ отбасылар үшін микрокредиттерді кепілдендіру тетіктерін ауыл мен қалаға бөлмей, бірыңғай оператор арқылы тарату жоспарланып отыр», – деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда енгізу жоспарланып отырған атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі тетіктері жайында айтып берді.

«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді», – деді ол.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар), табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70% тағайындаудың шекті өлшемі қалады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін болады.

«АӘК төлеу тоқтатылған жағдайда да табысы аз отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік пакет, ал көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді», – деді Нұрымбетов.

«Орал сауда-өндірістік компаниясы» ЖШС өндірістік кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесуде министр еңбек заңнамасының сақталуын және кәсіптік жарақаттанушылықтың алдын алуға баса назар аударды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Біржан Нұрымбетов ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын Алматы қаласы, ШығысҚазақстан, Қарағанды және Атырау облыстарында түсіндірген болатын.

Соңғы жаңалықтар