Еңбек министрі «АрселорМиттал Теміртау» ұжымына Президент Жолдауын түсіндірді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға барып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді. Бұл туралы ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Арселор Миттал» АҚ басшылығымен және қызметкерлерімен кездесу барысында Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысы Жолдауда ҚР Үкіметіне жұмыс берушілерді жалақы қорын ұлғайтуға ынталандыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырғанын еске салды. Себебі ірі тау-кен компанияларының табыстары өсіп келеді, бірақ бұл жағдай азаматтардың жалақысына айтарлықтай әсер етпеуде», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ министр еңбек заңнамасын сақтау мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға баса назар аударды.

«Еңбек заңнамасын сақтау кез келген кәсіпорынның тұрақтылығы мен табыстылығының кепілі болып табылады. Өкінішке орай, республика бойынша жалақы және міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектер бар. Өндірісте 749 адам зардап шекті, оның ішінде 82 адам қайтыс болды. Жұмыс берушілер жалақыны уақтылы төлеуін және өндірістегі қауіпсіздік техникасының нақты сақталуын қамтамасыз етуі қажет», – деді Біржан Нұрымбетов.

ҚР Еңбек министрлігінің басшысы жұмыс берушілер жұмыс орындарын сақтап қалуға және ұжымдық еңбек дауларының алдын алуға бар күш-жігерін салуы керектігін баса айтты.

«Өкінішке орай, республика бойынша 2,4 мың қызметкер қысқарды. Жұмыс орындары мен қызметкерлердің табыстарын сақтау азаматтардың әл-ауқатының кепілі болып табылады. Сондықтан біздің министрлік бұл мәселелерді еңбек дауларын болдырмау үшін тұрақты бақылауда ұстайды. Жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеудің басты құралы – ұжымдық шарттар болып табылады. Бүгінгі күні ұжымдық шарттар еліміздің ірі және орта кәсіпорындарының жалпы санының 96,6%-ында жасалды, онда қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік пакет қарастырылған. Бұл тәжірибені шағын кәсіпорындарда да енгізу қажет», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар