«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жаңа бағытпен толықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес, өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Аз қамтылған көпбалалы отбасыларды, аз қамтылған еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтар мен жастарды жұмысқа орналастыру, оқыту сапасын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік қолдаудың бірқатар жаңа шаралары көзделіп отыр.

«Осылайша, Жастар жылы аясында мемлекеттік бағдарлама «Жастар - ел тірегі» ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыру» атты жаңа бағытпен толықтырылды. Аталған Ұлттық жоба «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» деген екі бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында индустриялық және сервистік 100 мамандық бойынша аса сұранысқа ие мамандар даярланатын болады. Үш жыл ішінде 200 мыңнан астам жастарды оқытып шығару жоспарлануда» делінген хабарламада.

2021 жылға дейін жастар практикасымен қосымша 30 мың адам қамтылып, кемінде 60 мың жас кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Сондай-ақ, үш жыл ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жастарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған еңбекке жарамды мүгедектігі бар азаматтарға 505 мың теңгеге дейінгі мөлшерде қайтарымсыз 30 мың грант беріледі. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайтын тағы 600 грант берілмек.

Бұдан басқа, жыл сайын жастарға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға жеке ісін ашу үшін 6,5 млн теңгеге дейін және кооперацияны дамытуға 20 млн теңгеге дейін 5 мың микрокредит беріледі.

Соңғы жаңалықтар