Еңбек кодексіне онлайн жұмыс істейтіндердің қызметін реттейтін бап енгізілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек кодексіне онлайн жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек қатынасын реттейтін жаңа бап енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің қарауына енгізілген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстағы заңнама шеңберінде еңбек қызметін мобильдік қосымшалар арқылы жүзеге асыратын қызметкерлердің еңбек режимдеріне, ұзақтығына және еңбекақы төлеуге, оның ішінде еңбек функцияларын орындау үшін жабдықтармен және құралдармен қамтамасыз етуге қатысты еңбегін реттеу қиындатылған. Осыған байланысты, жұмыспен қамтудың осы түрінің ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек қызметін интернет-платформалар негізінде жүзеге асыратын қызметкерлердің қызметін реттеу жөнінде жеке бап енгізу қажет», - деп жазылған құжатта.

Тиісінше, интернет-платформа немесе мобильдік қосымшаны пайдалана отырып қызмет ететін жұмыскерлердің еңбек қатынастары ҚР Еңбек кодексінің жаңа 146-1 бабымен реттеледі.

«Интернет-платформаларды немесе платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып, қызметін жүзеге асыратын жұмыскер мен заңды тұлға арасындағы еңбек шарты осы Кодекстің 30-бабы 1-тармағының 2 тармақшасында көзделген шектеусіз белгілі бір мерзімге жасалады. Сонымен қатар аталған бапқа сәйкес, интернет-платформаларды пайдалана отырып, жұмыс істейтін қызметкерлер үшін күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін», - делінген жаңа бапта.

Қоса кетсек, бұған дейін 4 күндік жұмыс аптасымен қызмет ететіндерге үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленбейтінін жазып едік.


Соңғы жаңалықтар