Еңбек қауіпсіздігі: Құдықтағы жұмыс кезінде адамдардың мерт болуы алаңдатып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы коммуналдық шаруашылықтың 45 жұмысшысы құдықтағы жұмыстан зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Құдықта зардап шеккен 45 жұмысшының жетеуі мерт болған.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов мәлімдеді.

«2018 жылы жазатайым оқиғадан 1568 адам зардап шексе, оның ішінде 500 оқиға жұмысшылардың өз қызметін дұрыс білмеуінен болған. Бұл да жұмыс берушілердің біліктілікті арттыру жұмыстарының ақсап жатқандығын көрсетеді. Әсіресе, коммуналдық шаруашылықтардағы еңбек қауіпсіздігі алаңдаушылық туғызып отыр. Құдықта жұмыс істеген адамдардың мерт болу оқиғасы жиі кездеседі. Бір ғана 2018 жылы құдықта жұмыс істеген 45 адам зардап шекті, оның жетеуі қаза тапты», - деді Ақмәди Сарбасов министрлікте өткен дөңгелек үстелде. Оның айтуынша, жыл сайын ұйымдарда 2 мыңнан астам жазатайым оқиғалар болады, оның 300-ге жуығы адам өлімімен аяқталады.

2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мыңнан астам тексеру жүргізіп, 11 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтаған. Қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ете алмау, жұмысшылардың білімін тексермеу және қосымша оқытпау - еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы негізгі құқықбұзушылықтар.

Еске сала кетсек, кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек жағдайын жақсарту мен өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын өткізеді.

Науқан аясында 2018 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық шолу жасалады. Бұл шолу 2019 жылдың алғашқы тоқсанында жарияланады. Сонымен бірге, республика бойынша «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» және «Үздік техникалық еңбек инспекторы» байқаулары ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар