Еңбек ерлері ел ішінде танылады

None
None
АНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ауыл шаруашылығын оның ыстығы мен суығына төзе білетін, қажырлы еңбектің адамдары ғана дөңгелентіп әкете алады. Ал бұл саланы өмірінің айырылмас кәсібіне айналдырып, оның қыры мен сырын бүге-шігесіне дейін танып-білген азаматтар елімізде жетерлік. Солардың бірі - Сайран Балкенұлы Бұқанов. С.Бұқанов 1950 жылы Қостанай облысы Ленин ауданына қарасты К.Маркс атындағы ауылда дүниеге келген.

    С.Бұқанов болашақ мамандығын өзіне жастайынан айқындап алған, сондықтан оның Целиноград  ауыл шаруашылығы институтының қостанайлық филиалына түсуі де кездейсоқ емес.  1973 жылы ЖОО-ны тәмамдағаннан кейін жас маман жолдамамен Мендіғара ауданына келеді және бүгінгі күнге дейін осында еңбек етеді. 1982 жылы Ақсуат кеңшарын  басқарып, оны диқаншылықпен қатар мал бордақылаумен айналысатын кеңшарлардың алдыңғы қатарына шығарды.

Еңбегі еленген С.Бұқанов 1984 жылы «Харьков» кеңшарының директоры қызметіне тағайындалып, мұнда да аянбай еңбек етеді.   Оның басшылығындағы кеңшар еліміздің нарықтық қатынастарға өту кезеңі басталған 1990-шы жылдары жекешелендiру барысында шашырап кетпей, етең-жеңдерін жинақы ұстап қалады.  «Орнында бар оңалар» демекші, барын сақтап қалған ұжым  1997 жылдан бастап «Қаркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналады. Осылайша жаңа заман көшіне ілеседі.

Бүгінде «Қаркен» астық өсіріп, ет және сүт өндірісімен айналысады. «Қаркенді» басқарған жылдар ішінде С.Бұқанов өндірістік үрдісті жетілдіру, өнімнің сапасын арттыру, жер ресурстарын сақтау және материалдық базаны нығайту саясатын жүргізіп келеді. Соңғы жылдары кәсіпорын толығымен заманауи техникалармен жарақтандырылды - комбайн және трактор паркі жаңартылып, жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы машиналары сатып алынды. Бұл үрдістер өз кезегінде, кәсіпорын өндіріп отырған өнімдердің сапасын арттырып қана қоймай, астық шығымының жыл сайынғы өсімін берді. Соңғы 4-5 жылда шаруашылықта дәнді дақылдардың шығымы гектарына 17-23 центнерді құрап отыр. Үстіміздегі жылы 15 мың гектар алқаптан жиналған астықтың жалпы көлемі 26 тоннаны құрады.

       С.Бұқанов кәсіпорынға жастарды тарту мәселесіне де жіті көңіл бөлетінін айта кету керек. Соңғы жылдары мұнда оқуларын аяқтағаннан кейін туған ауылына оралып, еңбек етіп жатқан жастардың қарасы көбейген. Серіктестік басшысы жұмыскерлерінің адалдық, адамгершілік және еңбекқорлық қасиеттерін бағалайды. Жұмыскерлер болса, адал еңбегі үшін лайықты жалақы алып отыр. «Әрқайсысын жұмыспен қамтамасыз етіп, өзін және отбасын асырауға жетерліктей лайықты еңбекақы беруді өзімнің міндетім деп санаймын», - дейді ол. Кәсіпорында орташа айлық жалақы 40 мың және 55 мың теңгеден кем емес.

Агроном өзінің табысты жұмысын кәсіпорынның еңбек ұжымын құрап отырған ауылдың әлеуметтік жағдайымен байланыстырады. Жыл сайын кәсіпорын жергілікті Мәдениет үйі мен мектепке, су құбырлары мен ауыл көшелерін абаттандыруға 5 миллион теңге бөліп отырады. Ал үстіміздегі жылы 20 миллион теңгеге Мәдениет үйі мен мектептің жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасады. Кәсіпорын,  сондай-ақ аудан орталығының әлеуметтік нысандарына демеушілік етіп, аз қамтамасыз етілген отбасыларға материалдық көмек көрсетуден тынбайды. 2010 жылы ауылға республикалық бюджет есебінен су құбырын тарту жоспарланған. «Қаркен» ЖШС құбырдың су тарату жүйелерінің жобасын әзірлеп ғана қоймай, қосымша 5 миллион теңге бөлуді де қарастырып отыр.

«Өзің үшін өмір сүремін десең, өзге үшін өмір сүр» деген Сенеканың қағидаты үнемі менің қаперімде жүреді және бұл менің өмірлік ұстанымым», - деп атап өтті ауыл шаруашылығының еңбек ері. 

Бүгінде С.Бұрқановты Қостанай облысында ауылшаруашылық кәсіпорнының табысты басшысы  ретінде ғана емес, сондай-ақ Қостанай облыстық мәслихатының белсенді депутаты ретінде таниды. Ол 1999 жылдан бері үш шақырылымның депутаты, қазіргі уақытта облыстық мәслихаттың экономика, басқару және өзін-өзін басқару комиссиясының төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Қостанай облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі болып табылады. Ол 1999 жылы Қазақстан Республикасының экономикасын, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбегі үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Тың игерудің 30 және 50 жылдық мерейтойларына арналған медальдардың иесі.

Соңғы жаңалықтар