Еңбек Ері Е.Есімовке «БҚО-ның құрметті азаматы» атағы берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановтың есептік кездесуі барысында атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімовке салтанатты жағдайда «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын иеленгенін жеткізіп, өңіріне төсбелгісін тағып, куәлігін тапсырды.

1929 жылы өмір есігін ашқан Е.Есімовтің бүгін туған күні екен. Осыған орай оған облыс әкімі атынан теледидар тарту етілді.

Ескендір Есімов кезінде М.Мәметова атындағы кеңшарда көп жыл қой бағып, еңбектегі толағай табыстарымен күллі елге аты мәлім болды. Малды шығынсыз бағып қана қоймай, қозы алу, ет, жүн өндіру жөнінен ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін 1966 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілсе, 1982 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Зайыбы Мәрзиямен он бала тәрбиелеп өсірген қария қазіргі таңда аудан орталығы Сайқын ауылында ұрпақтарының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

«Осының бәрі - еңбектің арқасы. Қай заманда да онысыз алға баса алмаймыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барша халқымызды еңбектене білуге үнемі үндеп келеді. Тәуелсіз ел болдық, тұтас бір буын өсіп жетілді. Ендігі үміт соларда. Уақытша қиындықтар келеді, кетеді. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деді Е.Есімов.

Айта кетейік, Ескендір Есімов - осындай құрметті атаққа қол жеткізген сегізінші адам.

Соңғы жаңалықтар