Еңбек дауларын реттеу түйткілді мәселеге айналды - Жамбыл облысы

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Соңғы кездері Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындарда еңбек даулары жиі байқалуда. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында осы мәселеле туралы жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 24 ақпанда Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» ЖШС жұмысшылары еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап еткен болатын. Сол секілді, Луговой жылқы зауытының қызметкерлері алдындағы берешегі 100 миллион теңгеге жеткен. Мемлекеттік органдардың араласуынан кейін ғана шиеленіс реттеле түскен. Қазіргі уақытта жылқы зауыты қарызының 85 миллион теңгесін төледі. Қалған 15 миллионды кәсіпорын басшылығы жұмысшыларға жақын беруге уәде етуде.

Аппараттық кеңесте аталған мәселелер бойынша қалыптасып отырған ахуалды облыстық еңбек инспекциясының басшысы Қайрат Досаев, Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Нәметқұлов, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов

баяндады.

Өңір басшысы олардың есептеріне көңілі көншімейтінін білдірді.

«Неге аудандық әкімдіктер жағдайды бақылауда ұстап, алдын алу жұмыстарын жүргізбейді? Неліктен біз мәселе туындағаннан кейін ғана шұғыл шараларды қабылдай бастаймыз? Оған дейін қайда қаласыздар? Айталық, Мыңарал ауылының әкімі атқарылған жұмыстар туралы есеп бергенде бәрі жақсы, ешқандай мәселе жоқ екенін айтқан.

Ал, шын мәнінде ол өтірік болып шықты. Мұндай жағдай тек Мойынқұм ауданында ғана емес. Басқа аудандарда да жұмыс көбіне құрғақ есеп үшін ғана жүргізілуде. Нәтижесінде шаруаға қадағалау органдарының араласуына тура келеді», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, кеңесте атап өтілгендей, өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдардың 92 пайызы ұжымдық шарттармен қамтылған. Меморандумның бекітілуімен барлық ахуал оңалып кетті деп айтуға тағы болмайды. Еңбек жанжалдарының алдын алу жөніндегі үшжақты комиссия тарапынан белсенді жұмыстар байқалмайды. Б. Сапарбаев комиссия кәсіподақтармен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жүргізуі керектігін алға тартты.

«Жергілікті мемлекеттік органдардың міндеті – еңбек ұжымдарының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, кәсіпорындар мен ұйымдарда олардың меншік нысанына қарамастан жалақының кешеуілдеу жағдайлары мен фактілерінің алдын алу болып табылады.

Жауапты тұлғаларға бірінші тоқсанның соңына дейін ұжымдық шарттар мен меморандумдар жасасуды аяқтауды тапсырамын», - деді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар