Еңбек даулары кәсіподақ жоқ жерлерде болады - Сатыбалды Дәулеталин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек даулары кәсіподақ жоқ жерлерде тіркеліп жатыр. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбекақы мәселесі өзекті екені белгілі. Осы жылдың басынан 30-ға жуық еңбек дауы болды. Негізінен, еңбек даулары кәсіподақ жоқ жерлерде тіркеліп жатыр. Бірақ олардың негізгі сарыны еңбекақыны көбейтуге қатысты. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы төменгі жалақы мөлшерін орташа жалақының 50 пайызына дейін жеткізу мәселесін алға қойып отырмыз», - деді С. Дәулеталин ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысының алдында тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол тиісті жұмыс тобын құрып, оның аясында жүйелі түрде еңбекақыны көтеру және ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесі ескерілетінін айтты.

«Тағы бір атап өтер жайт – ол жыл сайын еңбекақыны міндетті түрде индексациялау. Атап айтқанда, жалпы еңбекақы мәселесінде жүйелі түрде оның әдістемесін қарастыру және басқа да қадамдарды мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен бірлесе отырып шешеміз деп ойлаймын», - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы тарапынан еңбек сотын құруды ұсынылды.



Соңғы жаңалықтар