«Еңбек» бағдарламасы: Ақтөбелік кәсіпкерлерге 6 пайызбен несие берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Еңбек» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры биыл 2,1 миллиард теңгені игереді. Қазір кәсібін бастағандар алғашқы өнімін алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы облыстық филиалы несие бөлімінің басшысы Нұрлан Қосмағамбетовтың айтуынша, кәсіпкерлікті дамытуға «Еңбек» бағдарламасымен 2019 жылға 3,8 миллиард теңге бөлінді.

«2018 жылы 655 кәсіпкерге несие берілді. Оларға 2,4 миллиард теңгеге көмек көрсетілді. Осы жылдың бес айлық қорытындысы бойынша қаржының 35 пайызы игерілді», - деді Нұрлан Қосмағамбетов.

Қор тілшілерге өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті. Алғашқы жоба - тігін цехы. Мұнда санаулы адам ғана жұмыс істейді. Дегенмен кез келген уақытта тапсырысты орындап, қыз жасауын түгелдеп береді. Үйде жұмыссыз отырған Гүлайда Убаниязова Кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бастау» бағдарламасын бітірді. Кейін енесі Жұмахан Ниязымбетованың ісін жалғастыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 6 миллион теңге несие алды. Қаржы бес жылға 6 пайыздық үстемеақымен берілді. Бұл ақшаға Қытайдан көрпе тігетін құрал-жабдық әкелді.

«Тігін машинасымен қатар мақта өңдейтін аппаратымыз бар. Бұл ата жолымен қыз жасауын дайындауға мүмкіндік береді. Екі жұмысшымыз бар. Тапсырыс Атыраудан, тіпті Ресейден түсіп жатыр. Өіміз Ақтөбе қаласындағы сауда орнына жеткізіп, сатамыз», - деді кәсіпкер Гүлайда Убаниязова.null

Тігін цехы күніне 50 көрпе тіге алады. Қажетті мақта мен матаны Шымкент қаласынан тасиды. Дайын көрпе бағасы төрт мың теңгеден басталады.

«2018 жылы «Бастау» бағдарламасы арқылы бір ай оқып, бизнес жоспар жасады. Кәсіпкерлік палатасы көмектесіп, несие алуға құжат жинады. Алдағы уақытта тағы да несие алуға мүмкіндік бар. Аудан бойынша өткен жылы 137 адам оқытылды. Оның 49-ы несие, грант алды. Көбі ауыл шаруашылығы саласын таңдады», - деді Кәсіпкерлік палатасының аудандық филиал директоры Айгүл Баубекова.

Екінші бизнес жоба - пантосанаторий. Емдеу орны Мәртөк ауданының Казанка ауылында орналасқан. Ақтөбеде ғана емес, Батыс Қазақстан үшін таңсық істі қолға алған кәсіпкер бір жылды артта қалдырды. Қазір 150 бас марал Мәртөктен ұзап кетпейді. Алғашқыда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен 200 миллион теңге несие алып істі бастап, кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 12 миллион теңге рәсімдеді. Бұл қаржыға кәсіпкер шынжыр табанды тиегіш сатып алды. Қыста қар тоқтатып, жол ашуға арналған техникаға қаржы 6 пайыздық үстемеақымен берілді.

«Пантоемдеу табиғаттың балшығы, суы емес. Маралды бағу, баптау қажет. Қанынан биологиялық қоспа жасалады. Сол қоспа күш-қуатты, иммунитетті арттырады. ХVІІІ ғасырдан бері Қытай, Корея, Жапония емнің бұл түріп қолданып келеді. Ақтөбеге әкеліп, жерге үйрету қиын болды. Қорыққанмен тәуекелге бел буып, дамытып келеміз. Қазір төлдеп жатыр. Ем химиялық терапиядан кейін өте пайдалы. Ағзадағы ауыр металдарды шығарып, тазартады», - деді кәсіпкер Бану Тілегенова.

Үшінші жоба - жылыжай құрылысы. «Амир АГРО» шаруа қожалығында он кәсіпкер бар. Әрбір шаруа қожалығы өткен жылы он үш миллион теңге несие алды. Барлығы 130 миллион теңге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан берілді.

«Жылыжай аумағы 1,8 га құрап тұр. Кәсіпкерлер бірігіп, тағы 30 миллион теңге салып, жұмыс басталып кетті. Өткен жылы күзде егіп, қыста алғашқы өнім алынды. Өнімдерді Ресейдің Орынбор, Орск қаласынан алып кетеді. Орал қаласынан да келіп жатыр. Жергілікті базар көбін алып кетеді», - деді кәсіпкер Нұртас Доштияров.

Ақтөбелік кәсіпкерлер үшін оңтүстіктен келетін көкөністің бағасы маңызды. Себебі баға да үнемі өзге өңірден жеткізілетін қияр мен қызанаққа байланысты өзгеріп отырады.

«Жылыжайда жиырмаға жуық адам жұмыс істейді. Жаңақоныс ауылында тұратындар терім жұмыстарына шақырылады. Бұл уақытша жұмыс. Жылына екі рет өнім жинаймыз. Жаз және қыс», - деді кәсіпкер.

Жылыжай тамшылатып суару технологиясын қолданады. Өзге жылыжайдан ерекшелігі қияр жерге егіледі. Жылу құбыры жүргізілгендіктен қыста да шаруашылықты жүргізуге мүмкіндік бар.

«Жылыжай құрылысына қажетті барлық қаржы берілді. Құрылысқа жаңа технология қолданылды. Бірінші өнім биыл берілді. Тек ішкі нарықты қамтып қоймай, экспортқа жіберіліп жатыр. Несие 14 пайызбен беріліп, оның 10 пайызы субсидияланды», - деді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры филиалының бөлім басшысы Нұрлан Қосмағамбетов.

Айта кетейік, кәсіпкерлер жылыжай аумағын тағы екі гектарға кеңейтуді жоспарлап отыр. Биылғы өнім толық жиналды қысқа дайындық басталды.

null null null

Соңғы жаңалықтар