«Еңбек» бағдарламасы: 3 мыңға жуық қостанайлық студентке қолдау көрсетілуде

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 3 мыңға жуық студент «Еңбек» бағдарламасы бойынша білім алады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк өңірдегі еңбек өнімділігі және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жылдық жоспары туралы мәлімет берді. Оның сөзінше, өткен үш жылда «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағытын жүзеге асыру аясында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді.

«Бағдарламаның бірінші бағыты облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі арқылы жүзеге асырылады. Облыста 2800 студент «Еңбек» бағдарламасы бойынша білім алады. Оларға бірреттік ыстық тамақ пен стипендия қарастырылған, жол жүру ақысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2019 жылы әр аудан-қалалардың білім бөлімдеріне квота үлестірілді. Ол тізімде оқу орындары туралы мәліметтер бар. Осы квота бойынша Қарасу, Меңдіқара, Майлин аудандары жақсы нәтиже көрсетті. Керісінше, Қарабалық, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарының көрсеткіштері төмен. Сол себепті аталған аудандардың әкімдері берілген квотаны игеруге тиіс», - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Жиында айтылғандай, Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжінің базасында жылжымалы мобильді оқу орталығы ашылды. Оқу орны екі бағыт бойынша білім береді. Олар: оқу-өндірістік шеберханасы және оқу асханасы. Бұдан өзге 20 аймақтық колледж облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірігіп, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды жүзеге асыруға қатысады.


Соңғы жаңалықтар