Еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» атты республикалық форум өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шара барысында еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум жұмысын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ашты.

«Үкімет еңбек адамының беделін арттырып, табысын көтеруге бағытталған кешенді нақты жұмыстарды іске асырып жатыр. Біріншіден, әлеуметтік саясатта қарапайым еңбек адамының табысын арттыруға басымдық беріліп отыр», - деді Е. Тоғжанов.

Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өсуі мен халықтың әл-ауқатының басты құрамдас бөлігі ретінде еңбектің құндылығын және жастарды еңбексүйгіштікке баулу қажеттілігін атап өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің министрлік жыл басынан бері «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасын іске асыруда, оның мақсаты – қажырлы еңбегінің арқасында жетістікке жеткен адамдардың беделін арттыру арқылы өскелең ұрпақтың бойында еңбекқорлық қасиетін тәрбиелеу. Арнайы жобаны сапалы жүзеге асыру мақсатында нақты іс-шаралар жоспарын бекіттім», – деді Серік Шәпкенов.

Форум аясында еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету және «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов «Еңбек ардагері» медалін және еңбек ардагерлері Жанқылыш Ражановқа, Диларам Савутоваға және Ғазиз Алдоңғаровқа сыйлық сертификаттарын табыс етті.

Сонымен қатар, Республикалық комиссияның отырысында «Еңбек жолы» республикалық конкурсының лауреаттары конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздары қатарынан іріктелді. Комиссия құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері және әлеуметтік әріптестер кірді.

«Үздік еңбек әулеті» аталымында Шығыс Қазақстан облысынан келген Белогорцевтер әулеті жеңімпаз болып танылды. Екінші орынды Ақтөбе облысынан келген Жамановтар әулеті алса, үшінші орынды Қарағанды облысынан келген Куриновтар әулеті иеленді.

Маңғыстау облысынан келген Юсиф Кулиев жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері танылды. Осы аталымда екінші және үшінші орындарды Павлодар облысынан Наталья Акиншина және Алматы қаласынан Светлана Габдушева иеленді.

Өндірістің үздік жас қызметкерлері аталымында : Батыс Қазақстан облысынан Рафхат Аяпов (1-орын), Ақмола облысынан Әділбек Әшімов (2-орын) және Түркістан облысынан Ілияс Сүйерқұл (3-орын).

«Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарына естелік дипломдар мен сыйлық сертификаттарын талды.


Соңғы жаңалықтар