Еңбегімен еленген нәзік жандар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі қоғамда еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа да білек сыбана кірісетін, сонысына қарамастан бала-шағаның да бабын, келтіріп, отбасының ұйтқысы бола білген әйел азаматтар аз емес.

Олардың барлығы да өз ортамызда жүр. Күнделікті күйбең тіршілік барысында әйел адамдардың осынау жанкешті еңбектері көзге іліге де бермейтіні де белгілі. Ал 8 наурыз сияқты Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында тағдыр тауқыметіне мойымай, өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен әйел деген атты абыроймен алып жүрген осындай азаматтар туралы бір ауық әңгімелей кеткенді жөн көрдік.

Еңбегімен елге танылған осындай жандардың бірі Алматы облысының Жаңалық ауылында тұрады. 16 жасынан трактор, ЗИЛ жүк көлігі сияқты ауыр техникаларды басқарып үйренген Анар Байғожаева кейінірек автобус жүргізуді кәсіп еткен. Көлік жүргізуден ұзақ жылдарғы тәжірибесі бар ол техниканың қыр-сырын меңгеріп, оны жөндеуді де үйренген.
null

«Мен 2014 жылы бірінші рет автопаркке жұмыс сұрап барғанмын. Түйіндемемді көрген соң тәжірибе жинақтап кел деп мені троллейбус жүргізуге жіберді. Троллейбусты 5 жыл жүргіздім, №7-№5 троллейбустарды тізгіндедім. 5 жыл өткен соң ақыры автобусқа ауыстым. 2018 жылы қазанда «Алматыэлектротранс» автопаркіне автобус жүргізушісі болып келдім. «Қорықпайсың ба деді?, Несінен қорқамын» дедім. Ең алғаш рет 98 маршрутқа отырдым. Бұл өзімнің бұрын жүргізген 5 троллейбустың бәсекелесі сияқты еді. Автобус тура троллейбус сияқты. Тек «мүйізі» жоқ. Тоқ өшіп қалу, штанга көтеру сияқты проблемалар болмайды. Қазір 80 маршруттамын», - дейді Анар.

Әлбетте автопарк автобус жүргізуге әйелдерді көп алмайды. Себебі, 13-14 сағаттық жұмысқа кез-келген әйел шыдай бермейді. Анар күнде таңғы сағат 4:30-да ел ұйықтап жатқанда рейске шықса, кешке 21:00-22:00 шамасында үйіне қайтады.

Осы режіммен жұмыс істеп келе жатқанына 6-7 жылдың жүзі болған. Осы уақыты аралығында жұмысында бірде бір жол көлік оқиғасы болмаған, ескерту алмаған үлгілі қызметкер.
null

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан кәсіп иелері

Теміржол жолаушыларының діттеген жеріне аман-есен жетуі тек машинистерге ғана байланысты емес екенін көпшілік біле бермейді.

Қыстың сықырлаған аязында, жаздың аптап ыстығында теміржол вагондарын, құрамдарын тексеріп жүретін ерекше мамандық иелері бар.

Олар - вагон қараушылар.
null

58 жастан асқан Әлима Беласарованың теміржол саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқанына 38 жыл болған.

Әлима теміржолшылардың отбасына келін болып түскен. Оның ата-енесі де Қазақстанға еңбегі сіңген жол қараушылар.

58 жастан асқан отанасы үйінде 6 бала тәрбиелеп өсірген.

Тұңғышы биыл 40 жасқа толады.

Теміржол саласында «Қазақстан темір жолы», «Жүк тасымалы» АҚ Маңғыстау бөлімшесінде вагон қараушысы болып жұмыс жасайды.

«Вагон келгенде алдынан шығып күтіп алам, көзбен қарау деген бар. Тоқтайтын пойыз болса, күтіп алып айналып балғамен ұрып шығамын. Дөңгелегін шаңқ еткізіп ұрамыз. Егер жарық болса, шаң еткен дыбыс шықпайды, тық ете қалады. Сосын вагонның букс деген бөлшегі бар. Дөңгелекті айналдырып тұратын жері. Оның төменгі жағын, балғамен ұрып көреміз. Бәрі дұрыс болса, бір ғана дыбыс шығады. Ал егер екі дыбыс шықса, бұзылып келеді деген сөз. Ішінің бәрі шашылып келе жатыр деп пайымдаймыз. Сосын тежегішті тексереміз, егер тежегішті басқанда дөңгелек айналмаса, тежегіш ұстап келе жатыр деген сөз. Егер айналып тұрса, орнына келтіріп, жасап жібереміз», - деді Әлима Беласарова.
null

Алпысты алқымдап қалған әйел пойыз тоқтаған уақытта 15-30 минут ішінде қолына балғасын алып, темір вагондарды аралап кетеді.

«Тез қимылдау керек ол жерде. Жолға кететіндерге минимум жарты сағат, 1 сағатқа дейін үлгеріп жасап жіберуіміз керек. Шама келгенше, тоқтайтын 10-15 минут ішінде барлық вагонды тексеріп үлгеруге тырысамыз», - деді Әлима Беласарова.

Әлиманың қырағылығының арқасында Өзен стансасында апаттың алдын алған кездер де болған.

«Бір рет жолаушылар пойызын апаттан сақтап қалдық. Мен ол кезде Өзен стансасында істеп жүргенмін. Бір пойызда екі дөңгелекті ұстап тұратын бүйір рамасы істен кеткенін аңғардым. Ол жарық болса, апат болатыны шүбәсіз. Сол жарықты тез аңғарып, вагонды алып қалып ремонттап, рамасын ауыстырдық», - деді ол.

Айта кету керек, Әлиманың жолдасы Қабыл Мантақов та теміржол саласында істеген. Ол кісі көзінің денсаулығына байланысты 35 жасында 1 топ мүгедегі болып қалған. Содан бері отбасының тауқыметін ер мен әйелдің орнына Әлима Беласарова көтеріп келеді.

«6 бала туғаным үшін «Күміс алқа» берді. Артық ештеме сұрамадым. Бала кезімнен ер бала сияқты өстім. Ешкімнен сұрамаймын, мүсіркеп, әңгіме айтатын адам емеспін. Мен шындықты айтқанды жақсы көремін. Ешуақытта өтірік айтпауға ҰОС ардагері болған әкем тәрбиеледі. Әкем Үкімет берген үйден де бас тартқан. Мен үй алу үшін Отанымды қорғауға аттанбадым деп. Сол мінез қайсарлық маған да жұққан», - деді Әлима Беласарова.

Нәзік жанды полиция қызметкері

Тәртіп сақшысы Эльмира Мұхамеджанова Алматы сияқты ірі қаланың тыныштығын күзету үшін таңмен таласа тұрып, түн ауғанда жатады.

Келіншек 16 жыл бойы ұры-баукеспе, қылмыскерлермен күресіп келеді.

Семей қаласында дүниеге келген бойжеткен мамандық таңдауда заң саласына бет бұрған.

Ол ең алғаш рет Әуезов аудандық полиция басқармасының табалдырығын 2002 жылы аттаған.

Содан бері қылмыстық іздестіру бөлімінде 15 жылдан астам қызмет етіп келеді.
null

«Міне сол 15 жылдан бері менің жұмыс уақытым таң қараңғылығынан басталып, түн ауғанша жалғасады. Кей күндері түнде де жұмысқа шығуға тура келеді. Қазір мен мүлікке қарсы қылмыс, ұрлық қылмыстарымен күрес бөлімінде қызмет етіп жатырмын. 4 жастағы қызыма көңіл бөлуге уақыт таппай қаламын. Алайда, мені қолдайтын жақындарымның, әріптестерімнің барына қуаныштымын. Біздің ең бірінші міндетіміз - азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, қылмысқа қарсы күресу. Осы міндеттерді атқаруды әйелдік әлсіздігім еш кедергі болған емес», - деді подполковник Мұхамеджанова.

Алматыда күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтауға 1 мың полицей әйел кезекшілікке шығады.

Олардың көпшілігі көктемгі мерекені сапта кезекшілікте атап өтеді.

Өмір бойы жол салып, 70 жасында «Еңбек ері» атанды

Ерге тән ауыр жұмысты атқарып, бүгінде еңбек ардагері атанған әйелдердің ішінде Алматының құрметті азаматы Светлана Қуанова да бар.

70 жастағы әжей жол құрылысы саласында 30 жыл еңбек еткен.
null

Светлана Қуанова ең алғаш рет жол құрылысшысы шебері қызметінде 15 жыл істеген. Одан соң учаске басшысына көтерілген.

Ол кісі Орал-Атырау арасындағы тас жолдан 62 километр жол салған бригададағы жалғыз шебер әйел болған.

Оның бригадасы небәрі 4 жылда эксплуатациялық пункт ашты. Одан кейін республикалық маңызы бар Орал-Атырау тас жолын қалауға еңбек сіңірген.

Былтыр 70 жастағы әжейді ҚР ИИДМ «Еңбек ері» арнайы медалімен марапаттады.

«Мен еңбегімді бағалап жатқандарға ризамын. Біз шынымен, қысы жазы суықта да аптапта да жол салумен шұғылдандық. Бұл жұмысқа кез келген ер адамның өзі шыдамайтын. Мен бастаған ісімді аяқтайтын қайсарлығымның арқасында қалдым. Менің қасымда жұмыс істеген грейдеристер, жүргізушілер, тракторшы әріптестеріме алғыс айтамын», - деді Светлана Қуанова.

Ат құлағында ойнаған каскадер әйел

Әлфия Кунгужинова - қанында әйгілі сақ патшайымдарының рухы ойнаған қазақ қыздарының бірі.

Ерлермен тізе қағыстыра отырып, ат құлағында ойнап келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Әлфия - «Номад» каскадерлік тобында өнер көрсетіп келеді.
null

Қажет болса қылыштаса да алады, отты шеңберден өтіп, биіктерден секіріп, ат үстінде тік тұрып шабады.
null

Тұңғыш рет ол «Көшпенділер« фильмінде бас кейіпкердіің орнын алмастырған. Кейінірек ресейлік «Волкодав» фильмінде Оксана Акиньшинамен ойнаған.

Цирк әртісінің репертуарында голливуд фильмі де бар. Ол «Конан» фильмінде Джейсон Момоамен бірге ойнаған. Жақында Тұмар патшайым фильмінде бас кейіпкер Альмира Тұрсынның ат үстінде шапқан кезін сомдаған.

«Каскадер мамандығына кез-келген әйел бара алмайды. Бұл жерде тек тәннің ептілігі ғана емес, жылқы жанын да түсіне білу керек. Жануар сенің қорқынышыңды сезінсе, кез-келген уақытта мөңкіп аудара салады. Мен жылқыларымды жанымнан артық жақсы көремін», - деді Әлфия Кунгужинова.
null null null

Соңғы жаңалықтар