Ең үздік қарағандылық ұстаздарға арнайы марапаттар табыс етілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 5 қазан күні Халықаралық инвесторлар апталығы (World Investor Week 2018) аясында халықтың инвестициялық сауаттылығын арттыру мақсатымен өткізіліп жатқан өңірлік кездесулерде, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мамандары бірқатар ұстаздарға арнайы сыйлықтарды табыс етті. Олардың қатарында АХҚО қолдауымен Мәскеу қаласында өткен бірінші Халықаралық экономикалық олимпиадасына белсене қатысқан қарағандылық мектеп мұғалімдері де болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұстаздар күніне орай, арнайы марапатты Қарағанды қаласының «Назарбаев» зияткерлік мектебі - бірінші халықаралық экономикалық олимпиадада үздік өнер көрсеткен білім ордасы ретінде иеленсе, «Үздік ұстаз» марапатын Виктор Ни жеңіп алды. Сонымен бірге, олимпиадада алтын медальді иеленген, «Жоғары мектептің үздік оқушысы» атанған Айғаным Даупбаеваға арнайы марапат табысталды.

Ұстаздарды марапаттау рәсімі АХҚО әкімшілік басқармасы мүшесі, басқарушы директор Ернұр Рысмағамбетовтың Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқушылармен кездесуі барысында өтті. «Мемлекет басшысы өзінің биылғы жолдауында «Назарбаев» зияткерлік мектебінің стандарттары мен білім беру әдістемесі басқа мектептерге де енгізілсін деген тапсырма берді. Бұдан сіздердің білім ордаларыңыздың білім беру сапасы мен тиімділігін байқауға болады. Сондықтан, бірінші экономикалық олимпиада халықаралық деңгейде дәлелденген, жоғары стандарттар мен  білім сапасының үлгісі бола алды»,-деді маман.

Сонымен бірге, АХҚО өкілі оқушыларды қаржы және экономкиа саласындағы кәсіби халықаралық сертификаттарды тапсыруға даярлайтын арнайы бағдарламаның қолға алынатынын атап өтті. «Біз бұл жобаны биылдан бастап енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол алдымен Алматы қ. республикалық физика-математика мектебінде енгізілмек. Оның басты мақсаты - оқушыларды қаржы, экономика саласы бойынша халықаралық сертификаттарды тапсыруға әзірлеу болып отыр»,-деді Ернұр Рысмағамбетов.

Айта кетерлігі, қазанның 1-7-сі аралығында дүниежүзінің 80-ге жуық елінде Халықаралық инвесторлар апталығы (World Investor Week 2018) өтті. Аталмыш шараның аясында, АХҚО өкілдері еліміздің бірқатар қалаларына барып, жергілікті жастармен әрі бизнес қауымдастықпен кездескен еді. Астана, Алматы, Атырау, Шымкент, Қостанай, Қарағанды және Өскемен сынды елдің ірі қалаларында өткізілген айтулы шараның басты мақсаты - халықтың қаржылық әрі инвестициялық сауаттылығын арттыру болып табылады. 

Соңғы жаңалықтар