Ең төменгі жалақыны көтеру жұмысына халықаралық сарапшылар да тартылады - министр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру үшін алдымен есеп-қисап жасау қажет. Бұл жұмысқа халықаралық сарапшылар да тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл тапсырманы орындау үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына ең төменгі еңбекақы көлемін 60 мыңнан 70 мыңға дейін өсіру туралы қыркүйек айында өзгеріс енгізіледі. Ал, ең төменгі еңбекақыны анықтау және оны кезең-кезеңімен өсіру методикасын әзірлеу үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларын тарта отырып, зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жаңа методиканы 2023 жылдың наурыз айына дейін дайындаймыз. Ал, келісілген методиканы және ең төменгі еңбекақыны арттыру механизмдері 2023 жылдың желтоқсан айына дейін ең төменгі әлеуметтік стандарттар туралы заңға және еңбек кодексіне енгізіледі», - деді Тамара Дүйсенова бүгін Үкімет отырысында.

Осылайша, ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге дейін көтерілмек.

Еске салсақ, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады.

«Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді», - деді Президент.


Фото: primeminister.kz




Соңғы жаңалықтар