Ең төменгі жалақы мөлшерін айқындаудың жаңа тәсілдері әзірленуде - министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қаңтар айының соңына қарай Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін айқындаудың негізгі тәсілдері ұсынылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыспен қамтудың икемді нысандарын заңнамалық түрде бекіту көзделіп отыр. Заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. Ол ҚР Парламентінің қарауына жіберілді. Биыл Цифрландыру министрлігімен, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен және интернет-платформа операторларымен бірлесіп, жұмыспен қамтуды тану және азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі пилоттық жоба іске асырылады», - деді министр ведомостваның кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Сондай-ақ ол елдегі жұмыс күшінің білімі мен біліктілігін арттыру шараларына тоқталды. Министрлік әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жұмыс орнында кадрларды оқыту мәселелерін қайта қарамақшы. Жұмыс берушілер жүргізетін оқыту сапасын бағалау үшін тәуелсіз сертификаттау жүйесі іске қосылмақ.

«Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасында мемлекет, жұмыс берушілер және қызметкерлер арасындағы жұмыс күшінің дағдыларын арттыру үшін жауапкершілікті бөлу көзделген.

Жұмыс күшін үнемдеу және жұмыс істейтін халықтың еңбек жағдайының сапасын жақсарту үшін еңбек саласындағы ең төменгі стандарттарды қайта қарау. Осыған байланысты қаңтар айының соңына қарай Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін айқындаудың негізгі тәсілдері ұсынылмақ. Бұдан басқа, 2 жыл ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы 1 618 ең төменгі стандарт қайта қаралады. Өндірісте қайта қаралған ең төменгі стандарттарды апробациялау олардың дайындығына қарай кезең-кезеңмен жүргізіледі. Нәтижесінде зиянды өндірістердің сыныптары мен сақтандыру тарифтері қайта қаралатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар