Ең сүйікті әже: Алматыда алғаш рет әжелер арасында байқау өтті

None
Алматы әкімдігі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда әжелер арасында өткен «Асыл Әже Almaty» конкурсында жылдың үздік әжейі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада алғаш рет 61 жастан асқан әжелер арасында «Асыл Әже Almaty» сайысы ұйымдастырылған.

«Сайыстың мақсаты – жастарды тәрбиелеу, қарт адамдардың қоғамдық іс-шараларға қатысуы, қарттарға қамқорлық көрсету, отбасылық дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту болды», - деп хабарлады әкімдік.

Сайысқа жиыны әр аудандағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарынан 12 финалист таңдап іріктеп алынды. Байқау төрт кезеңнен тұрды.

1-байқау «Сүйікті әжем»– «Асыл әже» сайысы (үй тапсырмасы). Қатысушылардың отбасы мүшелері (балалары, немерелері) отбасы және отбасылық дәстүрлері, өзінің әжесі туралы, оның қызығушылықтары жайында бейнероликте айтып берді.

Әділқазы алқасы бейнероликтің ерекшелігі мен туыстарының қолдауын бағалады.

2-байқау «Тамаша дәм» — «Аспаздық шеберлік» (үй тапсырмасы). Әрбір қатысушы өз қолымен асты дайындау барысында өзінің аспаздық шеберлігін көрсетті. Әділ қазылар алқасы астың дәмін, сыртқы түрін, әсемдігін бағалады.

3-байқау «Өнерлі әже» — «Шығармашылық байқау».

Мұнда қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілетін әр түрлі жанрда: вокал, көркем сөз оқу, би билеу және т.б. көрсетті. Әділқазы алқасы сөз сөйлеу шеберлігін, орындау мәнерін бағалады.

4-байқау «Сымбатты әжелер» — «Ең сүйкімді және тартымды». Кешкі сәнді көйлектер көрсету кезеңі.

Конкурс қорытындысы бойынша 62 жастағы Гүлнәр әжей Құнанбаева гран-при иегері атанды.

Ол «Асыл Әже Almaty 2023» атағын иеленіп, плазмалық smart теледидар жеңіп алды.

Сайысқа қатысқан басқа да әжелер номинация иегерлері атанып, бәріне демеушілер есебінен сертификат, микротолқынды пеш, блендер, басқа да бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Шараны Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен Алматы қаласының белсенді өмір орталығы және Қазақстан композиторлар одағы ұйымдастырды.


Соңғы жаңалықтар