Ең мықты студенттер ғана дәрігер болу құқығын иеленуі керек – ҚазҰМУ ректоры

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Медицина мұнайға тәуелділіктен арылудың, инновациялар жасаудың және республикамызға жаңа инвестициялар тартудың ең жақсы жолдарының бірі бола алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделу керектігін айтты:

1. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі.

2. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі.

3. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу.

4. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру.

5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту.

6. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау.

7. Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу.

«Бұл ретте Президент бәсекеге қабілеттілікті көрсететін артықшылық пен нақты мүмкіндіктерге сүйену керектігін ескертті. Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек. Президент әртараптандырылған, технологиялық экономиканы құру мәселесін дұрыс көтеріп отыр. Дәл осы ретте медицина мұнайға тәуелділіктен арылудың, инновациялар жасаудың және республикамызға жаңа инвестициялар тартудың ең жақсы жолдарының бірі бола алады. Қазақстан қазірдің өзінде медициналық туризм үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналуда. Бұл, өңірдегі ең төмен бағамен медициналық қызметтердің жоғары сапасымен шетелдік клиенттерді тартады. Денсаулық сақтау саласында шешім қабылдауды жеделдетіп, медициналық университеттерге дербестік беру қажет», - деді университет ректоры.

Оқу орнының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ана мен бала мәселесіне қатысты айтқан ойлары өте орынды деп санайды.

«Мемлекет басшысы Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Президенттің экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту туралы бастамасын толығымен қолдаймыз. Өйткені егер бала денсаулығын қамтамасыз ете алмасақ, қалғанының бәрі бекер. Сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы сапасыз оқу орындарының жабылуына қатысты қатаң шаралар үшін Президентке алғыс айтамыз. Бақылау күшейтілетіні қуантады. Себебі барлық қажетті тексерулерден өткен сапалы мамандар ғана диплом алуы керек. Әуесқойлар еш жерде болмауы тиіс. Әсіресе, медицина саласында. Дәрігер болу құқығын беретін емтиханға тек ең жақсы студенттер ғана жіберілуі керек», - деді ол.

Университет ректоры Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі айтылған жоспарларын да қуанышпен қабылдағанын айтты.

«Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында жаңадан 13 жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз. Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретін болады. Медицина қызметкерлері атынан Жолдауда айтылған екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлу туралы шешімге алғыс білдіреміз. Барлық медицина қауымдастығы сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе арттыру жөніндегі ұсынысты қолдайды. Дәрігерлердің еңбегі өте жоғары бағалануы керек, өйткені дәрігерлердің қолында еліміздің денсаулығы, біздің болашағымыз», - деді ол.

Маманның айтуынша, әсіресе, Қазақстанда барлық негізгі медициналық препараттарды өндіру тапсырмасы қуантады. Коронавирустық дағдарыс басталған кезде, көптеген дәрі-дәрмек, медициналық маскалар шетелден әкелінген кезде туындаған қиындықтар бәріміздің есімізде. Мұндай проблемалар қайталанбауы керек.

«Үкіметке медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді (мүмкін 10 жылға) болжамын жасау тапсырмасына жеке назар аудару қажет. Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарының қауымдастығы елді ең үздік мамандармен қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқаратыны сөзсіз. Жалпы, Президент жолдауы біздің мемлекетіміздің, қазақстандық медицинаның жарқын болашағына үміт пен сенім ұялатады. Мәлім етілген мақсаттар – барлық медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандыру, науқастарға арналған орындар қорын 50 пайызға жаңарту, ескірген инфрақұрылымды ауыстыру, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізу – біздің денсаулық сақтау үшін қолжетімді және іске асырылатын нәрсе. Біз барлық тапсырмаларды жүйелі түрде орындап, Жолдауда қойылған барлық міндеттерге қол жеткізе алатынымызға нық сенімдіміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар