Ең басты құндылық – адамның өмірі - Зарема Шәукенова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова карантинді ұзарту туралы шешімге пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі эпидемиологиялық ахуалдың проблемалық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Президент тапсырмаларының арқасында соңғы екі аптада жағдай тұрақтанды, ал індетке қарсы іс-қимыл шаралары тиісті деңгейге шығып келеді. Алайда, арқаны кеңге салуға әлі де ерте. Сондықтан шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі нығайту мақсатында және шекаралас елдерде короновирус инфекциясымен байланысты жағдайдың асқыну ықтималдылығын ескере отырып, Президент Мемлекеттік комиссияға карантиндік шараларды екі аптаға ұзартуды, кейіннен кезең-кезеңімен жеңілдетуді тапсырды», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, коронавирус әрі ұзақ уақыт бізбен бірге болады. Тиісінше, мемлекетке де, азаматтардың өзіне де түсетін жауапкершілік артады. Мұнда жағдайды тұрақтандыру үшін кешенді шаралар қажет.

«Мемлекет көрсеткен дұрыс және ашық ақпараттық саясат, уақытылы және жан-жақты әлеуметтік-медициналық қолдау біздің – Қазақстан азаматтарының жағдайдың жақсаруына деген сенімін нығайтады. Провизорлық және инфекциялық стационарлар бөлігінің жабылуы туралы хабарланды және басқаларында орын саны қысқаруда. Яғни, жағдай тұрақтанып келеді. Бұл – вируспен күресудегі жетістіктерімізді көрсететін маңызды жаңалық. Алайда, біз әлі де ақпараттық алаңға тәуелдіміз, сондықтан келіп түскен ақпарат пен жаңалықтарды сүзгіден өткізіп, дұрыс бағалауды үйрену маңызды. Бұл өзіңізді және жақындарыңызды жалған жаңалықтардың жағымсыз әсерінен қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан Үкімет отырысында осы күрделі кезеңде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды», - дейді З. Шәукенова.

Сонымен бірге, азаматтардың өзара қолдауы да ерекше маңызды. Тұрғындар Интернет, мобильді және онлайн байланыс арқылы бір-біріне қолдау көрсете алады.

«Мүлдем бейтаныс адамнан да қолдау келуі мүмкін. Барлығымыз азаматтардың біреудің қайғысына бей-жай қарамастан қаншалықты тез жұмылатынына куә болдық. Әлеуметтік желілер арқылы олар бірнеше сағат ішінде материалдық, медициналық және дәрі-дәрмектерді іздеуге көмектесті.

Қазір көптеген адамдар індетпен күресті соғыспен салыстырады және бұл белгілі бір дәрежеде шындыққа жақын. COVID-19 көрінбейтін жау ретінде, бір мемлекетке ғана қауіп төндіріп қоймай, тұтас әлемді құрсауға алды. Бүкіл әлем коронавирус індетінің екінші толқыны болатынын айтып отыр. Жақында ғана бірнеше мемлекет, оның ішінде Қазақстан қатаң карантиндік шараларды жеңілдете бастаған еді. Кейін қандай да бір елдердің басқаларға қарағанда табысты күресіп жатыр деп айтуға әлі ерте екені байқалды. Өйткені тәжірибесі бастапқыда дұрыс болып көрінген мемлекеттер де қазіргі уақытта санитарлық-карантиндік талаптарды күшейтуге мәжбүр», - деді ҚСЗИ басшысы.

Президент карантинді ұзарта отырып, коронавирустық инфекция жұқтыру мен өлім-жітім көрсеткіштерін одан әрі төмендетудің айрықша маңыздылығын атап өтті.

«Ұзаққа созылған карантиндік шаралар әрине, қоғамға, адамдарға және олардың көзқарастарына әсер етеді. Індеттің келуімен және оның салдары мен бастан кешкен қайғылы тәжірибені ескере отырып, әрқайсымызда моральдық, құндылықты қайта бағалау процесі жүріп жатыр. Ең басты құндылық – адамның өмірі. Ол үшін карантинді ұзартуды қолдау керек және барлық карантиндік нормаларды сақтау қажет, бұл – вирустық инфекцияның жаппай таралуын болдырмаудың басты тәсілі. Сондықтан әрқайсымыздың өзімізге және жақындарымызға және басқалардың өміріне деген жеке жауапкершілігіміз болуы керек және осы нормалармен өмір сүруді үйренуіміз керек. «Сақтанғанды Құдай сақтайды» деген сөз бар. Маңызды басымдықтардың бірі – ұлттың денсаулығы болуы керек және әрқайсымыз оны сақтауға тырысуымыз қажет», - деді Зарема Шәукенова.


Соңғы жаңалықтар