Эмир Байғазин шығармашылық жоспарымен бөлісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі режиссер Эмир Байғазинмен кездесіп, отандық киноның болашағы туралы әңгіме өрбітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жуық арада мен Лос-Анджелес резиденциясына баруды жоспарлап отырмын. «Өзен» картинасы үшін HFPA грантын иелендім. Америкада өзімнің келесі жобамды дамытуға ден қойсам деп отырмын. Сол жақтан келесі жобаның толыққанды сценариімен оралып, 2019 жылдың көктеміне қарай жобаның дайындығына кірісіп кетсем деймін», - дейді режиссер.

Эмир Байғазиннің айтуынша, қазақстандық киноиндустрияның деңгейі жаман емес. Нақтырақ айтқанда, Байғазиннің пайымынша коммерциялық картиналардың өсімі айқын байқалады.

«Ең бірінші кезекте, мен кәсіби қалпымды сақтау үшін кино түсіретінімді айта кеткім келеді. Менің ойымша, алдымен жүлде жайлы ойлайтын болсақ, мұнымыз дұрыс болмас еді. Міне, сондықтан, ең алдымен картинада не көрсеткім келгенін жеткізгім келеді. Нақты қолға алып жатқан жобам арқылы мен шығармашылығымды шыңдауды ойлаймын», - дейді Эмир Байғазин.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Өзен» фильмі үшін режиссердің алған жүлделерімен құттықтады.

«Эмир Байғазин қазақ кинотарихында тұңғыш рет биік жетістікке қол жеткізіп отыр. Бұған өте қуаныштымыз. Ол Венециядағы кинофестивальде «Көкжиек» бағдарламасында номинант атанды. Кино өнері саласында бізде бұрын мұндай жетістіктің болмағанын айта аламын. Барлық қазақстандықтардың атынан Эмир Байғазинді осы жетістігімен құттықтағым келеді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар