Емханалардың алдында вакцина салдыратын уақытша орындар болады - Ажар Ғиният

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Емханалардың алдында вакцина салдыратын уақытша орындар жасақталады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде барлық емханаларда, барша екпе жасайтын кабинеттерде тиісті жұмыстар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, адамдар көптеп жиналмас үшін, әрбір күнге учаскелік дәрігерлер арқылы екпе аламын деген адамдарды өзінің кезек-кезегімен, уақытымен емханаға шақыртып жатыр», - деді А. Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, қазір вакцинаның көп мөлшерде келуіне байланысты, күн жылынған кезде емханалардың алдына екпе салдыратын уақытша орындар жасақталмақ.

«Министрлік тарапынан уақытша екпе жасайтын орындарға қатысты талаптар әзірленіп жатыр. Ол бұйрықпен бекітілетін болады. Адамдар көп шоғырланған қалалардағы емханаларда, осы нысандардың алдында, басқа да медициналық ұйымдарда жасалады», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қалалардағы ірі сауда орталықтарында да вакциналау ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар