Емхана ма, шіркеу ме? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Таяқ та тәрбие құралы - «Жетісу» газеті

null

«Екі қолыңмен амандаспасаң екіленіп шыға келетін ауылдың есерсоқтарының мұздай жұдырығы мұрнымызды бұзса да сабақ аяқталғанша тілімізді тістеп отыратынбыз. Көзіміздің айналасы көгеріп тұрғанымен көңіл сол баяғыдай беймарал. Кішкентай ақылымыз кешірім сұраудың жолын іздейді күні бойы. Ерте бастан ертеңгі күннің қамын жасамасаң, ендігәрі танауымыздың тесігінен жел өтпеуі мүмкін. Әдеттегідей қатені өзімізден іздейміз. Үлкеннің аты үлкен, тергеуі теріс болса да істегені дұрыс. Содан қойшы, үзілісте әлгі тентектердің тілін табуға кірісіп, татуласудың алғашқы қадамын өзіміз жасаймыз».

«Жетісу» газеті қазіргі күні қоғамда үлкен шу тудырған жасөспірімдер арасындағы төбелес туралы мақаланы осылай бастапты. Расында бұл ересек буын үшін таныс көрініс. Мектептегі төбелес, үлкендерден таяқ жеу - бұрыннан бар. Әйтсе де, бұрынғы төбелес пен қазіргі төбелестің айырмашылығы жер мен көктей секілді ме, қалай?

Мақалада автор «таяқтың да тәрбие құралы» екенін дәлелдегісі келеді. Қадыр ақынның «жасында таяқ жемеген баланың, бұла болып өсіп, есейгенде ес кіруі екіталай» деп айтқанын алға тартады. Өмірден таяқ жемеу үшін әкеден таяқ жеп, пісіп, жетіліп жүргендер туралы айтады.

Таяқ тақырыбындағы мақала күллі қоғамды шулатқан мұғалім мен оқушы арасындағы мәселеге де арналады. Бала кезінде математика пәнінен сабақ беретін апайын есіне алып, одан қалай таяқ жегенін тәптіштейді. Оның сабағында ең нашар оқыған бала 4 алатынын, тіпті әкімнің баласы да жұртпен қатар таяқтың астында қалатынын айтады. Сол сыныптан әлжуаз бала шықпағанын жеткізеді. «Бәрі де сол таяқтың тезінен тәрбиелі де тәртіпті азамат болып өсті. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей, ұстазымыздың ұртоқпағы ұртымызды майлады. Ұрда-жық мінезімізді орнына қойды. Бүгінде сырықтай таяқ көрсек, Аязбидей өзімізді сабырға шақырамыз».

Ал елдің пікірі екіге бөлінген оқытушысынан оңбай таяқ жеген оқушы туралы автор: «Бәріне ұстаз кінәлі болды. Оны жұмыстан қуды, қаралады, абыройын айрандай төкті. Ешкім де емтиханға келмеген білімгердің ағаттығын айтпады. Таразылап қарасақ, әлгі билікке тиген таяқтың екінші ұшы жалпы ұстаз қауымының беделіне нұқсан келтіргенін пайымдап, жан баласы жақ ашпады. Араша түсуді артық көрді. Қазақтың «Бір құмалақбір қарын майды шірітеді» дейтіні сол. Мұғалім мәртебесін қалай көтереміз деп жүргенде бұл оқиға біржақты шешіліп, тәлімгер біткеннің тауын шақты. Ата-ананың көңіліне күдік ұялады. Білім қуған жастың меселін қайтарды...» деп жазады.

Оның пайымынша, таяқсыз оқытқан ғылым тасқа тары еккенмен бірдей.

Емдеу орны ма, шіркеу ме? - «Қостанай таңы» газеті

null

Мынаны қараңыз: Қостанай облысындағы Қостанай аудандық орталық аурухананың терапия бөлімшесінде христиан дінін ұстанатындарға арналған бұрыш бар екен. Бөлімше қабырғасынан православтықтардың өздері пір тұтатын әулиелер, құдайаналардың ілінген иконалары мен шырағданы қаптапты. Осының анық-қанығын «Қостанай таңы» газетінің тілшісі біліп, көзбен көріп қайтыпты.

Журналист ауруханада діни бұйымдардың тұруы заңды ма деген сұрағына мардымды жауап ала алмаған. Автор көзімен көргенін заң баптарына салып таразылап, мемлекеттік мекемедегі православ дінін уағыздайтын бұрыштың заңсыз екенін, онда да өрескел заң бұзушылыққа жол бергенін алға тартады.

Айта кетерлігі, әділет органы мамандары «Затобол медициналық орталығы» ЖШС директорына заңда рұқсат етілмеген діни мақсаттағы заттарды қоюға тыйым салынғанын түсіндіріп, оны алып тастауын ескертіпті. Алайда орталық басшысы емдеу мекемесін жеке тұлғадан жалға алып отырғанын алға тартатын көрінеді.

«Бұл әулиелердің бейнелері орналастырылған стенд баяғыдан тұр. Оның заңға қайшы екенін білген жоқпыз. Керісінше, осы аурухана ішінен бір бөлмені ғибадат ететін орын етіп ашып алсақ деген ойымыз болған, - деді А.Мурнаев...»

Атақ және ар-ұят... - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null

Мақаланың өзегі - марапат. Онда да орында болатын, еңбегімен келетін марапаттау емес, әркімге де үйлестіріліп жатқан атақ, дәреже үшін жанталас. Мақала авторы сыйлық атаулыға сырт қарайтын әлемдік таланттар туралы да айта келе, «біздің қоғамда сыйлық үлестіру мен марапаттау сиқырлы таяқшаға айналып кеткендей әсер қалдыратынын» айтады.

«Қазір жер-жерлерде «Құрметті азамат» атағын үлестіру «Біздің ауылда сыраға су қосып сатады, сіздің ауылда суға сыра қосып сатады» дегендей дәрежеге жетті. Рас, «құрметті азамат» атанғандардың арасында ол атаққа нағыз лайықтылар да аз емес. Дегенмен... дегенмен, қазір «ұлы» болсам дегендердің ұмтылысы орасан, жанталасы жойқын. Оны аз десеңіз, түрлі қоғамдық қорлар өз беттерінше шығарып алған төсбелгілерді тарқатуды тақтайдай тегіс жолға түсіріп, топан судай қаптатып жіберді. Табыс көзі - төсбелгі бизнесі шарықтап барады»...

Автор бұл ретте «Майданға түспей бәйге алма» деген ұлы Абайдың ұлағатын да еске салады.

«Құдай бізден «қанша жасадың?» деп сұрамайды, «не жасадың?» деп сұрайды» дейді ақын Олжас Сүлейменов. Олай болса, ар-ұяттан айналып өтіп алған атақтарымыз бен сүлікше жабысып сұрап алған сыйлықтарымыз ертең «не жасадың?» деген сұрапыл сұраққа жауап бере ала ма екен?..

Тентекті тезге салудың жолы қандай - «Сыр бойы» газеті

null

Әлеуметтік желіге тараған өз қатарластарын аяусыз тепкілегенін балалар мәселесін «Сыр бойы» газеті де жазыпты. Расында бұндай келеңсіздіктің басқа емес бесіктен белі шықпаған балалардың бойынан кезіккені жан түршіктіретіні анық. Дегенмен, әлеуметтік желідегі пікірлер де санқилы. Осыған орай газет тілшісі «бұғанасы бекімеген жастыңбір-бірін қатыгездікпен тепкілеуіне, жаны ашымауына не себеп?» деген сауалды жан-жаққа жолдапты. Онда да пікірлер әр алуан болып шыққан. Мәселен, мешіт имамы былай деген екен: «Жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік жасауына келсек, ел тентексіз болмайды. Тек сол тентекті уақытында тезге салып отыру, түсіндіру жағы жетіспей ме деймін. Үлкеннің кішіге күш көрсету оқиғасы орын алғанда алдымен екі жақты жинап, әлімжеттіктің адамгершілікке жат тұстарын түсіндірген абзал. Заң алдындағы жауапкершіліктерін,бір таяқтың бата, бір таяқтың қате тиетінін, шариғатта да мұндай тәртіпсіздіктің құпталмайтынын айту ләзім».

Мақалада үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсетудің имани жолдары туралы да айтылады. Әлсізге қорған болу жайы баяндалады. Бұл ретте ұстазын сыйламаған түрік патшасы Мехмет сұлтанның баласы жайындағы әңгіме баяндалады.

Қоңырқұлжаның сауыты - «Орталық Қазақстан» газеті

null

«Орталық Қазақстан» газетінің жазуынша, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне алғаш тапсырылған құнды жәдігердің бірі Қоңырқұлжа Құдаймендеұлының сауыты екен. Оны мұнда Ақмола сыртқы округінің алғашқы аға сұлтаны Қоңырқұлжаның қызынан туған осы музейдің екінші директоры Леонид Семенов тапсырыпты.

Мұражайдағы құжатында жәдігер туралы «Жуан темір сымнан тоқылған торкөз сауытты Ақмола қаласына 1924 жылы Түнғатаров деген азамат әкелген. Қоңыр әулетіне тиесілі болған сауыт Ақмола округінің 1832 жылы аға сұлтаны болған Қоңырқұлжа Құдаймендеұлыныкі» деп жазылыпты. Ал Леонид Семенов - Қарағанды облыстық өлкетану музейінің екінші директоры 1935 жылы сауытты өзімен бірге ала келген. Екі жүз жылдан астам тарихы бар торкөз сауыттың салмағы 16 келі, жиырма мыңға тарта шығыршық белгілі бір тәртіппен сәнді тоқылған. Сауыттың құжатында көрсетілгендей, жеңінің диаметрі 21 сантиметр, жағасының диаметрі - 28 сантиметр.

Айта кетерлігі, Новосібір университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров атты орыс ғалымы Қарағандыдағы музейде болып, ортағасырлық қару-жарақты зерттеуші білгір маман ретінде Қоңырқұлжаның сауытын зерттеуге уәде беріпті. Артынша Новосібір университетінің хабаршысына сауыт жайлы шағын мақала жазыпты.

«Онда Қоңырқұлжаның сауытындағы берік бекітілген шығыршықтардың құрылымы мен дизайны XVII-ХІХ ғасырдың басына тиесілі екені, кіреукенің орта Азия қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйым болғаны ғылыми дәлелмен айтылған. Және сауыттың нешеме соғыстарда батыр-сұлтандарды ажалдан қорғап, бірнеше жерден оқ-найза тигені айтылған. Мақалада мұндай сауыттың арнайы текті әулеттерге ғана атап тоқылатыны, ХХ ғасырдың басына дейін Қоңыр әулетінде болып келгені, сонымен қатар, ұқсас аналогтары Өзбекстан мен Қазақстанның кейбір аймақтарындағы музейлер мен жеке қорларда сақталғандығы баяндалған».

Мақалада жәдігердің тарихымен қатар, Леонид Федорович Семеновтың Қоңырқұлжа сұлтанға жиендігі туралы мәлімет беріледі.

Бүйірінде жазуы бар қозы - «Орал өңірі» газеті

null

«Орал өңірі» газетінің жазуына қарағанда, Сырым ауданындағы Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында ерекше қозы туыпты. Жануардың сол жақ бүйірінде араб әріптерімен оқығанда «Аллаһ» деген жазуы бар екен. Қара қозының бүйіріндегі жазуды әуелі үй иесі байқаған. Қозы 28 қаңтарда туыпты. Кейін әлеуметтік желіге тарап кеткен қозының бүйіріндегі жазуды мешіт имамы да растапты.

«Бұрын аудандық мешіттің имамы болған Бақытжан Құралбайұлы қозының бүйіріндегі белгінің «Аллаһ» деген жазуға келетінін, ал Сарыағаш медресесінің ұстазы Оразбек Жамбылұлы араб жазуымен 80 пайызға сәйкесетінін айтты. «Аллаһ» деген жазу екеніне ешқандай күмән жоқ. Алла бар, ол жалғыз, ол біреу. Осындай мысалдар арқылы Алла өзінің бар екенін есімізге салуда», - дейді Сырым аудандық мешітінің найб имамы Жасқанат Ерсайынов».

Айта кетерлігі, қозыны көру үшін Жамбыл ауылына барған найб имам қозының оң жақ бүйіріндегі жазу ардақты пайғамбарымыздың есімі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммед деген жазуға келіңкірейді деген болжамын да айтыпты.

Соңғы жаңалықтар