+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 386.70 EUR 427.15
RUB 6.06 CNY 54.57
Jańalyqtar

Елжан Шынарұлы Қытай құрамасына қабылданды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2019 жылғы 17 тамыз 10:45
Бөлісіңіз:
Елжан Шынарұлы Қытай құрамасына қабылданды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
Махаббат Есен: Теледидардың «ақыры» туралы әңгіме сәннен қалған Ләззат Сүйіндік Қазақстанда аудиториясы артып келе жатқан телеарналарды атады Мәдениетіміз бен дәстүрімізде Алтын орданың мұрасы бар – Дәурен Абаев

Елжан Шынарұлы Қытай құрамасына қабылданды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Елжан Шынарұлы футболдан 20 жасқа дейінгі Қытай жастар құрамасына шақырту алды, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.



Аталған дереккөздің мәліметінше, ҚХР футбол федерациясы Қытайдың U-20 құрамасына шақырту алған футболшылардың тізімін жариялаған. Олардың қатарында Қытай елінде тұратын қандасымыз Елжан Шынарұлының есімі де аталады. Елжан Қытай суперлигасында өнер көрсететін «Шэньчжэнь» клубында ойнайды. Ол құрамадағы үздік ойыншылардың бірі болған. Ал алдағы уақытта Қытай жастар құрамасы ҚХР ұлттық құрамасының оқу-жаттығу базасында бір ай дайындалып, Сербияда жолдастық кездесу өткізеді. Елжан Шынарұлы - 1999 жылы ҚХР-ның Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданында туған.



Полиция қызметкерлері арасындағы әлемдік жарыста Бекнұр Қалиұлы жеңімпаз атанды - kaznews.mn



Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілері арасындағы Дүниежүзілік жарыста каратэші Бекнұр Қалиұлы жеңімпаз атанды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпарат порталы.

«Бұл жарыста Моңғолияның намысын Баян-Өлгей аймағынан келген Бекнұр Қалиұлы қорғаған болатын. Ол каратэден өзіне қарсылас шақ келтірмей, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Сонымен қатар Бекнұр бокста да ауыр салмақта сынға түсуде. Ол жартылай финалда қытайлық былғары қолғап шеберін жеңді. Айта кетейік, бұл жарыс төрт жылда бір рет ұйымдастырылады, полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер арасындағы олимпиада деп ретінде танылған. Аталған спорттық бәсеке тамыз айының 8-18 күндері аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатыр», - деп жазады KAZNEWS.

Қазақтың көркем жазу шеберлері Бейжіңдегі «Құснихат» көрмесіне қатысты - «Жэньминь жибао» (People Daily)



Бейжіңдегі Ұлттар мәдениет сарайында Қытайдағы түрлі ұлт өкілдерінің Құснихат туындылары мен тарихи құжаттар көрмесі өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Өнер көрмесіне қытай, қазақ моңғол, тибет, ұйғыр, корей секілді 51 ұлттың жазуындағы, 200-ден астам «Құснихат» туындысы мен 100-ден астам тарихи құжат (кітап, журнал, газет) қойылған. Аталған шараға 96 құснихатшы мен өнертанушы маман қатысты. Көрмеге қойылған әртүрлі ұлттардың төл жазуымен қағазға бедерленген «Құснихат» туындылары әсемдігімен, айшықты шеберлігімен, сөздерінің мәнді, мазмұнды құндылығымен ерекшеленді. Аталған шараның мақсаты Қытайда қоныстанған ұлттардың көркем жазу мәдениетін, өнер иелерінің шеберлігін насихаттау», - деп жазады People Daily.





Естеріңізге сала кетейік, «Құснихат» (көркем жазу өнері) - «сұлулық, әдемілік, көркемдік» деген мағынаны беретін араб тіліндегі «хұсн» сөзінен шыққан. Бұл өнер қытай қазақтары арасында кең қанат жайған. Ондағы қандастарымыздың ортасында Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу әліппесі негізінде әр түрлі нақыл, ғақлия және басқа сөздерді көркемдеп жазу дәстүрі қалыптасқан.

Дархан Сатыбалды Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастырды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі



Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Амангелдіұлы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған челенджді қолдап, өзіне жолданған эстафетаны Абайдың «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» атты өлеңімен жалғастырды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Дархан Амангелдіұлы эстафетаны Өзбекстан Республикасының Жоғарғы Мәжілісі Заң шығарушы палатасының төрағасы Нурдинжон Исмоиловтан қабыл алып, оны Абайдың «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» атты өлең шумақтарын оқып, осы бастаманы одан әрмен жалғастыру үшін Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, көрнекті ақын Минхожиддин Ходжиматовқа және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлына жолдады», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Қытайда моңғол халқының «Надам» мерекесі тойланды - «Жэньминь жибао» (People Daily)



Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялы өлкесінің Шинлинғол аймағында моңғол халқының дәстүрлі «Сары күздегі надам» мерекесі тойланды, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.





«Сары күздегі надам» мерекесі Шинлинғол аймағының Ұжымчин ауылында шымылдығын ашты. Бұл кезекті «Надам» жиналысында моңғолша күрес, ат бәйгесі, садақ ату және ұлттық киім-кешек көрмесі сынды іс-шаралар өткізілді. Надам - моңғол тілінде көңіл ашар немесе ойын-сауық деген мағынаны білдіреді. Әр жылы жаз бен күзде жайлаудағы малшылар мол өнім шаттығын тойлап, ел мен жердің ырысты, құтты болуын тілеп бас қосады. Назарларыңызға осы мерекелік іс-шара аясында, «Синьхуа» ақпарат агенттігінің тілішісі түсірген фоторепортажды ұсынамыз»,- деп жазады People Daily.



Әлемдегі ең жіңішке алтын өндірілді - TRT



Ұлыбританияда әлемдегі ең жіңішке алтын өндірілді. Алтынды өндіру үшін қолданылған әдістер наноматериалдармен жұмыста пайдаланылады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Phys.org парақшасының хабарлауынша, Лидс университеті ғалымдары қалыңдығы небәрі 0.47 нанометр және 2 атом ғана болатын, яғни адам тырнағынан 1 миллион есе жіңішке алтын өндірді.

Әлемдегі ең жіңішке алтын медицинада, электрондық және ақпараттық заттар өнеркәсібінде қолданылады.

Ғалымдардың пайымдауынша, өте жіңішке алтын медициналық жиһаздар және су тазалау жүйелерінде қолданылатын жасанды ферменттердің негізін қалыптастырады.

Осы жұмыс тобының жетекшісінің айтуына қарағанда қолданылған әдістер наноматериалдар өндіруде маңызды әрі табысты қадам болған. Су астындағы түсі жасыл және түрі балдырға ұқсайтын алтынға ғалымдар «алтын балдыр» деген атау берген екен», - деп жазады TRT.

Қазақстан елшісі Иранда өткен Каспий теңізі күніне арналған жиналысқа қатысты - «Фарс» ақпарат агенттігі



Иранда Каспий теңізі күніне орай ұйымдастырылған жиналысқа осы теңіз маңындағы елдер елшілері қатысты, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

«Каспий теңізі күніне арналған рәсім осы теңіздің қоршаған ортасын сақтау және туризмді дамыту тақырыбында теңіз маңындағы елдер елшілерінің қатысуымен Иранның солтүстігіндегі Мазандеран облысының Боболсар қаласында өтті. Қазақстан елшісі Асхат Оразбай осы рәсімде: «Каспий теңізі маңындағы елдер осы теңіздің саяси құқықтық жағдайы мен қоршаған ортасы туралы конвенцияларға берік болуы керек. Оларды орындау аса маңызды», деді», - деп жазады parstoday.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: БАҚ,
Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT