Елжан Біртанов: Вакцинадан бас тартудың негізгі себебі дінге қатысты емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Вакцинадан бас тарту мәселесіне зерттеу жүргізілді. Бұл туралы бүгін азаматтық сектордың өкілдерімен кездесуде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вакциналау шараларына тоқталған министр, «Иммундауға жатқызылғандардың арасында кем дегенде 95 пайыздық индикаторға қол жеткізудің жоспарлы көрсеткіштері бізде орындалып келеді. Әрине, бізді екпеден бас тарту оқиғалары алаңдатып отыр. Бұл тұрғыда үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдар өте маңызды», - деді.

Осы орайда Е. Біртанов ел тұрғыдарының кейбірінде әлі де вакцинаға деген үрей бар екенін атап өтті.

«Біз бұл мәселеге қатысты зерттеу жүргіздік. Осы орайда вакцинадан бас тартудың негізгі себебі діни нанымға емес, екпе сапасына қатысты үрейге байланысты болып отыр. Атап айтқанда, адамдар екпе салдарынан қорқады. Бұл тұрғыда бір-бірімізбен көбірек ақпарат алмасып, жүйелі жұмыстарды іске асыру қажет болып тұр. Сонымен қатар халықты ақпараттандыру бойынша тиісті жоспар әзірленді», - деді ведомсттво басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл проблема Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге өзге де елдерде байқалуда.

«Адамдардың вакциналаудан бас тартуы нәтижесінде орын алып отырған кері салдарды көріп отырмыз. Жалпы, өзінің денсаулығы үшін жауапкершіліктің жеткіліксіздігінен, инфекциялардың шеттен келуі жиілеп кетті», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар