Елжан Біртанов перзентханалары аз жабдықталған өңірлерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірлердегі перзентханаларда құрал-жабдықтың жетіспеушілігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Босандыру нысандары бойынша СҚО, Түркістан және Ақмола облыстарында жабдықталу деңгейі талап етілген көлемнің 60%-ын ғана құрайды. Яғни, медициналық мамандар қажетті жабдықтардың 60%-ымен ғана жұмыс істеп жүр. Бұдан да біраз мәселе туындайды. Биыл босандыру ұйымдары үшін 10 млрд теңге бөлдік, 108 дем алу аппаратын аламыз. Денсаулық кемістігін ерте анықтайтын жүзден астам УЗИ аппаратын сатып аламыз. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Сондықтан, есеп жүргізіп, 2020 жылдың бюджетіне қаржыландыруды арттыру туралы қосымша өтінімдер береміз. Алдағы үш жылда медициналық ұйымдарды 100% жабдықтау туралы Президент тапсырмасы бар», - деді Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте.

Сонымен бірге, министр мамандардың жетіспеушілігі мәселесін көтерді.

«Еліміздегі қосымша жұмыс істеудің орташа коэффициенті 1,2-ні құрайды. Яғни, барлық дәрігерлер қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Мәселен, Атыраудағы оқиға бойынша әкім Нұрлан Ноғаевпен сөйлестік. Ол перинаталдық орталықтың екі дәрігері қамалғанын, ота жасайтын екі дәрігердің ғана қалғанын айтты. Ол өзге өңірлерден акушер-гинекологтар жіберіп, қолдау көрсетуді сұрап отыр. Қазір вице-министр Ләззат Ақтаева Атырауға ұшып кетті. Онда біздің ҒЗИ мамандары жұмыс істеп жатыр», - деді ведомство басшысы.

Бірақ, ғылыми орталықтардың кейбір қызметкерлері өңірлерге барудан бас тартқан.

«Себебі олар қылмыстық іс қозалады деп қорқады. Өздеріңіз білетіндей, ҒЗИ өңірге барып ота жасаған қызметкері сотталды, оның дәрігерлік іспен айналысуына тыйым салынды. Бір жағынан мамандардың жетіспеушілігін айтып отырсақ, екінші жағынан оларды азайтып жатырмыз», - деді Е. Біртанов.

Соңғы жаңалықтар