Елжан Біртанов медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі туралы айтты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған жұмыс тобы Ақмола облысында болды. Тұрғындармен кездескен топ мүшесі ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов облыс тұрғындарына алғашқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселесін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде министр негізгі проблемалардың бірі - кадрлар тапшылығы. Бір дәрігердің орташа жүктемесі - бір жарым ставка болып отырғанын атап өтті.

«Емханаларда қазір 1150 учаскелік дәрігер жетіспейді. Жыл сайын 1500 жалпы практика дәрігері шығарылады. Бірақ олар келмейді, арнайы мамандықарға кетеді және біз оларды көрмейміз», - деп атап өтті Елжан Біртанов.

Осыған байланысты ағымдағы жылдан бастап заңнаманың жаңа нормасы енгізілуде. Ол бойынша мемлекеттік грант бойынша оқыған барлық медицина қызметкерлері үш жыл бойы нақты медициналық ұйымдарда жұмыс істеуге міндетті болады.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің жалақысы төмен қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға арттыру жоспарлануда. Бірінші кезекте бұл медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігерлері, медбикелер, санитарлар және кіші медициналық персонал сондай-ақ учаскелік дәрігерлер, педиатрлар, акушер-гинекологтар.

«Бұған ақша қарастырылған, 1 маусымнан бастап бүкіл ел бойынша 225 мың медицина қызметкері еңбекақының 30 пайыз көлемінде қосымша ақы алады», - деп толықтырды Елжан Біртанов.

Келесі маңызды мәселе - бұл осы саланың инфрақұрылымы. Министр атап өткендей, мемлекет әрбір өңірде амбулаториялық буын нысандарының құрылысын қарастыруда.

«Атап айтқанда, емханалар бойынша үш жыл ішінде 600-ге жуық объект іске қосылады. Бұл негізінен ауылдық деңгейдегі объектілер, ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер. Бұл еліміздің барлық ауыл тұрғындарын қолжетімді медициналық көмекпен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді Елжан Біртанов.

Мысалы, ескіргендердің орнына жаңа нысандар салу Ақмола облысында қарастырылған.

«Қосымша 4 объект қарастырылған. Бұл үшін 120 млрд теңге мемлекеттік, сондай-ақ жеке инвестициялар бағытталады. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық аудандық ауруханалар мен емханаларды үш жыл бойы стандарт бойынша қажетті жабдықтармен толық жарақтандыру бойынша жоспарлар әзірленді», - деп түйіндеді министр.

Сонымен қатар, осы кездесу аясында Ақмола облысының тұрғындары Денсаулық сақтау министріне сұрақтар қойды.

Атап айтқанда, дәрі-дәрмекке баға белгілеу, жаңа дәрілік заттарды тіркеу, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері көтерілді.

Осы орайда, топ мүшесі «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бүгінгі кездесуде сөз болып отырған барлық мәселелердің партия тарапынан қатаң бақылауға алынғандығын, ел игілігін молайтатын жайлардың жүзеге асуына көмек берілетіндігін тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар