Елжан Біртанов Қытайдан келген дәрігерлермен онлайн кездесу өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдан сарапшылардың келуі – Қазақстанда коронавирус инфекциясымен күресте Мемлекет басшысының қабылдаған уақытылы әрі нақты шешімі болып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі шетелден келген медициналық қызметкерлер жайлы осындай ұстанымда екенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мемлекет басшысының келісімі аясында Нұр-Сұлтанға келген қытайлық дәрігерлермен онлайн-кездесу өткізді. Бұл туралы министрліктіңFacebook парақшасынан мәлім болды.

«Министр Қазақстан Үкіметінің атынан қытай дәрігерлерінің делегациясын қарсы алып, Қытай үкіметінің COVID-19-ға қарсы іс-қимылда көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Елжан Біртанов бүгін Қазақстан Президентінің төрағалығымен төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы төтенше жағдайды сәуір айының соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын жеткізді», - деп хабарлайды министрліктен.


Сонымен қатар Елжан Біртанов онлайн режимде өткен кездесуде қазіргі уақытта елімізде коронавирус індеті шарықтау шегіне таяп қалғанын да айтты.

«Нұр-Сұлтан мен Алматыда қабылданған шектеу шаралары аурудың өсім қарқыны төмендегенін көрсетіп отыр. Алайда басқа өңірлердегі жағдай әлі де тұрақсыз. Бұл ахуал бүкіл елде қатаң карантиндік шараларды енгізуді талап етеді. Бізге коронавирустың таралу деңгейін тұрақты түрде төмендетіп, шектеу шараларын тоқсары деңгейден сары деңгейге дейін әлсірету керек», - деді министр.

Елжан Біртанов алдағы 2-3 ай елдегі эпидемиологиялық жағдай үшін маңызды екенін атап өтіп, Қытайдан келген сарапшылардың бұл сапарын Мемлекет басшысының Қазақстандағы коронавирус инфекциясымен күресте уақытылы және нақты шешімі екенін жеткізді.⠀

Кездесу барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева және Ұлттық денсаулық сақтау орталығының директоры Дамир Көпжасаров, сондай-ақ медициналық оқу орындарының ректорлары мен қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің басшылары қытайлық әріптестеріне Қазақстандағы COVID-19 ауруына байланысты эпидемиологиялық жағдай туралы баян етті.

Өз кезегінде делегацияны бастап келген Іле-Қазақ автономиялық округі губернаторының орынбасары Ерсін Тұрсынбай Қытай үкіметі қабылдаған шаралардың арқасында елде індет азайып бара жатқанын хабардар етті. Ерсін Тұрсынбай Қазақстанның Жібек жолын ілгерілетудегі басты рөлін ерекше тілге тиек етті.

Оның айтуынша, осы факторлар Қытай үкіметінің Қазақстан халқына қолдау көрсету үшін жоғары дәрежелі медициналық сарапшылар тобын жіберу шешіміне оң әсерін тигізген.

«Коронавирусқа қарсы күресте Қытайдың зор тәжірибесі бар. Ол тәжірибе жүргізілген көптеген зерттеу мен науқастарды емдеу нәтижесінде алынған», - деді делегация басшысы.

Кездесуге Қытайдың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо мырза да қатысты.


Ол Қазақстан Үкіметіне делегацияны әуежайда жақсы қарсы алғаны үшін алғысын айтты. Елші Қазақстан індет кезеңінде қытай халқын алғашқылардың бірі болып қолдағанын еске салды. Бұл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, өзара сенім және тату көршілік қарым-қатынас рухының айқын көрінісі екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар жемісті жұмыс жүргізу туралы келісіп, өзара құрмет білдірді.⠀


Соңғы жаңалықтар