Елжан Біртанов: Емдеу кезінде дау туындаса, мәселе пациенттің пайдасына шешілуі тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға дайындық жұмыстары талқыланды. Айта кетейік, МӘМС 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алқа отырысына Сенат пен Мәжілістің депутаттары, ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің өкілдері, медициналық қызметтің сапасы бойынша біріккен комиссияның, бизнес кеңестің мүшелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астанадағы Денсаулық сақтау басқармасының, ТКҚСБК, МӘМСҚ, РЭДО аймақтық филиалдарының, ведомствоға қарасты ұйым басшылары қатысты.

Медициналық сақтандыру қоры басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқанын айтты. Мәселен, 2020 жылы амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру 78% өседі, яғни 740,9 млрд теңгеге бөлінеді, консультациялық-диагностикалық қызметтерге - 169 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде 18 млрд теңге мектеп медицинасына бағытталады, емхана деңгейінде медициналық оңалтуға -16,6 млрд теңге бөлінеді, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесі бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2 есе артады да, жалпы шығын 197 млрд теңгеге жетеді.

Жалпы, 2019 жылы халыққа медициналық көмек көрсету бюджеті МӘМС есебінен 51% артты немесе 580 млрд теңгеге өсті.

Сондай-ақ, ол медициналық ұйымдарды техникамен жабдықтау, инфрақұрылым және кадрмен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

Алқа жиынында денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға және медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялауға ерекше назар аударылды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен және интернетпен 100% аудандық деңгейде қамтамасыз етілгенін айтты.

Бүгінде электронды денсаулық паспорты, амбулаторлық карталар, диспансерлік есепке алу толық цифрландырылған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Қарағанды облысындағы пилоттық жобаның нәтижесін қорытындылай келе, өңірде барлық медициналық ұйым бірыңғай медициналық ақпарат жүйеге көшкенін жеткізді. Сонымен қатар, ауылдардағы 85 медициналық пункт спутниктік байланыс арқылы интернетке қосылған.

Ол өткен 3 айда халықты сәйкестендіру, ақпараттық жүйелер арқылы ТМККК және МӘМС пакеттерін бөлек есепке алу және медициналық қызметтерді жеткізуші медициналық мекемелерді ынталандыру жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Ержан Нұрлыбаев пилот кезеңінде оңалту қызметтері 1,5 есеге, күндізгі стационарда медициналық көмек 1,2 есеге, консультациялық -диагностикалық қызметтердің көлемі 2 есеге артып, қымбат диагностика(КТ және МРТ)саны тамыз айында 1265-тен қараша айында 3885-ке дейін өскенін атап өтті.

Вице-министр Лязат Ақтаева МӘМС енгізілген соң алғашқы айларда алдымыздан шығуы мүмкін 9 тәуекелді атап өтті: сақтандырылмаған азаматтар, қорға тұрақсыз төлем жасайтын жұмыс берушілер, өңірлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген адамдарды өзектендіру және бірыңғай статистикалық есеп жүргізу. Медициналық сақтандыру қоры осы қауіп-қатерді шешудің тиімді сценарийлері мен тетіктерін әзірледі. Мысалы, жеңілдік жасалған санаттағы азаматтардың сақтандыру мәртебесі белгісіз болған жағдайда, жеңілдік мәртебесін растайтын құжат, студенттік билет, туу туралы немесе зейнетақы куәлігін көрсетсе болды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар арнайы терминал арқылы медициналық сақтандыру қорына төлем жасайды және бірден сақтандырылған мәртебесін алып, МӘМС жүйесіне жылдам қосыла алады.

МӘМС қорының басшысы А. Жұмағұлов жұмыс берушілер тұрақты төлем жасау үшін салық органдары бақылауды күшейтетінін еске салды.

Сондай-ақ, вице-министр медицина қызметкерлерін ТМККК және МӘМС пакеттерін, ішкі бизнес-процестерді білуге оқытуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Министр алқа отырысын қорытындылай келе, медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық деңгейін жоғары бағалады.

Ведомство басшысы аймақтық денсаулық сақтау басқармаларын қормен бірлесіп, жеткізуші медициналық мекемелерге меншігіне қарамай 2020 жылы медициналық қызметтерді объективті және тиімді бөлуге шақырды.

«Медициналық көмек көрсету барысында даулы жағдайлар кездессе, мәселе пациенттің пайдасына шешілуі тиіс», - деді Елжан Біртанов.

Ол денсаулық сақтау басқармалары мен МӘМСҚ филиалдарының басшыларынан медициналық ұйымдарды жаңа жүйеге дайындап, әсіресе медицина қызметкерлерін МӘМС бойынша жұмыс істеуге оқыту шараларына ерекше назар аударуды талап етті.

Соңғы жаңалықтар