Елжан Біртанов дәрігерлерге жазаны жеңілдету бастамасын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлеріне қатысты қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша заңға енгізілгелі жатқан өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енгізілгелі жатқан өзгерістердің негізділігіне қатысты пікірін бүгін Парламент Мәжілісінде депутат Василий Олейник білдірді.

«Медициналық қызметкерлерге қарастырылған жазаны жеңілдету қателікке құқық берумен тең болмай ма? Бұл азаматтар арасында жағымсыз резонанс тудыруы әбден мүмкін. Сондай-ақ өзгерістер азаматтарға медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету сапасына әсер етпей ме?», - деді Василий Олейник заң жобасының таныстырылымында.

Бұған жауап берген Елжан Біртанов бұл өзгерістер жоспарланбаған қателіктердің жағдайын алдын алу бағытында енгізілгелі отырғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, қазіргі заңнамадан «стандарттарды сақтамау» пункті алынып тасталмақ. Министр өз сөзінде кейбір жағдайларда ол пунктен дәрігерлердің ауытқуына тура келетінін айтты. Мәселен, өткен жылы ғана осыған байланысты үш жүзге тарта қылмыстық іс қозғалған.

«Шынтуайтына келгенде стандарттарды сақтамау пункті немқұрайлылыққа немесе қызметін тиісті деңгейде орындамауға жатпайды. Стандарттар ғылыми зерттеулердің негізінде бекітілетіндіктен, анализдің нәтижесінде емделген науқастардың саны мыңнан асатынын байқаймыз. Олардың барлығы да медициналық көмектің орташа алгоритмін көрсетеді», - дейді министр.

Сонымен бірге, заң жобасында абайсызда орташа деңгейде зиян келтіргені үшін белгілі бір лауазымды иелену, кәсіби мамандығымен айналысу құқығынан айыру жазасын алып тастау қарастырылуда. Министрдің айтуынша, бұл өте қатаң жаза.

«Адамға аса ауыр емес зиян үшін кәсіби мамандығымен айналысу, қоғамның әлеуметтік тіршілігіне араласу, сондай-ақ ары қарай өсу мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Біз дәрігерлерден жауапкершілікті алып тастау керек деп отырған жоқпыз. Жауапкершілік болуы керек. Бірақ, біз бұл ретте халықаралық стандарттарды да аттап кетпеуіміз керек», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар