Елжан Біртанов дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыру басты назарымызда тұр. Бұл бағытта сіздермен әрі қарай да жұмыс істей береміз. Біз қазір тарихи кезеңіндеміз. Алғаш рет медициналық сақтандыру жүйесін іске қосамыз. Бірер айда ашылуы өтеді, оған қызу дайындалып жатырмыз. Тағы бір жаңа құжат - Денсаулық сақтау туралы кодексті дайындап жатырмыз. Бұл кодекс денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі принципін құрайды. Ең бастысы, медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі болады. Бұл мәртебені көтеретін кез келді. Бүгін де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлер мен мұғалімдердің мәртебесі маңызды екенін айтты. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін өнімді еңбек тілеймін. Барлығы біздің қалай табысты дамығанымызға тікелей байланысты. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен - медициналық қызметкерлер күнімен құттықтаймын», - деді Елжан Біртанов елордада «Altyn Shipager» медициналық сыйлығының жеңімпаздарын маарпаттауда.

Сонымен бірге, министр бірқатар дәрігерлерге награда мен төсбелгілер тапсырды.

Елордалық Жедел жәрдем қызметі бас дәрігерінің орынбасары Арман Баянбаев «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен дәрігер-рентгенолог Гүлнар Волкова мен акушер-гинеколог Шахизат Халықова марапатталды.

Сондай-ақ Дерматология орталығының дәрігері Несібелі Көшкімбаеваға «Еңбек ардагері» медалі берілді.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді.

Соңғы жаңалықтар