Елжан Біртанов Атыраудағы сәби өлімі туралы мәлімдеме жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Атырау облысындағы сәби өлімі туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

«Ең алдымен сәбидің жақындары мен отбасына барлық әріптестерімнің атынан көңіл айтамын. Бала өліміне әкеп соққан қасақана медициналық көмек көрсетпеу туралы айтыпты естігенде таңғалдық», - деді министр ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте.

Е. Біртанов оқиға бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын жариялады.

«Біздің ұстанымымыз: тергеу нәтижесі мен барлық сараптамалардың жүргізілуін күту. Медициналық қызметкерлер тарапынан заңсыз әрекеттердің болған-болмағанын анықтау. Содан кейін ғана толыққанды пікір бере аламыз», - деді ол.

Сонымен бірге, министр оқиғаның қызу қоғамдық талқылауға түскенін және барлық медициналық қызметкерлерге күйе жағылғанын айтты.

«Меніңше, медициналық қызметкерлердің басым бөлігі өз еңбегін адал атқарып келеді. Сондықтан, жалпыға кінә артудың қажеті жоқ», - деді Е. Біртанов.

Еске сала кетсек, Атырау облысы перинатальды орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, дәрігерлер нәресте өлімі фактісін жабу үшін пара бермек болған.
Соңғы жаңалықтар