Елжан Біртанов: Атырау перзентханасындағы оқиғаны арнайы комиссия тексеріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы сәби өліміне қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Атырауда Денсаулық сақтау вице-министрі мен Тауарлар және қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау комитетінің төрағасы бастаған комиссия жүр. Сонымен қатар, ол жаққа медицина университеттері ғылыми орталықтарының жетекші мамандарын жібереміз. Яғни, мән-жайды толықтай анықтаймыз. Өйткені, тамыз айынан бері Атырау облысында сәби шетінеуі жиілеп кетті. Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен бұл мәселені қарап жатырмыз», - деді ол.

Денсаулық сақтау министрінің айтуына қарағанда, сәбилердің шетінеуі мәселесі күнделікті бақылауда тұр.

«Күнде таңертең маған қанша баланың дүниеге келгендгі және сәби өлім-жітімінің деңгейі жазылған мәліметтерді береді. Біз теріс өсімді көрген кезде бірден сол жағдайды жедел зерделейміз», - деген Елжан Біртанов Атырауға комиссияның дәрігерлер ұсталғандығы туралы ақпарат шықпай тұрып жібергендігіне назар аудартты.

Бұған дейін, Атырау облысында перзентхана басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінгенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар