Елжан Біртанов: Алматыда медициналық көмекке бөлінетін қаражат 1,5 есеге артады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– 2020 жылы міндетті сақтандыру енгізілгеннен кейін Алматыда медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі 1,5 есе артады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атап айтқанда, қалпына келтіруге бағытталған ем-дом мен паллиативтік көмекке жұмсалатын қаржы көлемі 7,5 есе, консультативтік-диагностикалық көмек – 6,7 есе, стационарды алмастыратын көмекке жұмсалатын қаржы – 2,3 есе артады», – деді Елжан Біртанов бүгін қала әкімдігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері жөніндегі аймақтық штаб отырысында.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Алматы тұрғындарының 95,7% сақтандыру жүйесімен қамтылған (халықтың кем дегенде 80% қамтылуы тиіс). Қалған тұрғындар өз бетінше жарна төлеп медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Жарнаны алдағы уақытта жеткізуші медицина мекемелеріне орнатылатын терминалдар арқылы төлеуге болады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық бағытында ауқымды жұмыс атқарылған. Нормативтік-құқықтық база жасалып, үш деңгейлі медициналық көмек жүйесі бекітілді, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қажетті ақпараттық жүйелер іске қосылды. Қазірдің өзінде Қор келісімшарттар мен қосымша келісімдерді автоматты түрде жасауға мүмкіндік беретін функционалды қолданысқа енгізді. Биылғы тамыз айынан бастап жекелеген құжаттарға ЭЦҚ көмегімен қол қойылып жатыр.

«Жыл соңына дейін барлық медицина ұйымдарының ақпараттық жүйелері медициналық қызметті қос пакет негізінде көрсетуге және сақтандыру мәртебесі туралы мәліметті Қордан тікелей алуға дайын болуы тиіс. Себебі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу барысында ақпараттық жүйелердің атқаратын рөлі зор», – деп қосты министр.

Кездесуде алматылықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі де сөз болды. Сауалнамаға сәйкес, соңғы кезде оңтүстік астанада сақтандыру жүйесі жайлы естіген тұрғындар саны 60% дейін артқан.

МӘМС жүйесін енгізуге техникалық дайындық жоғары деңгейде деуге болады. Алматыдағы барлық медицина ұйымдары компьютермен жабдықталған, мемлекеттік емдеу мекемелері толығымен қажетті ақпараттық жүйелерге қосылған. Бүгінде жеке меншік клиникаларда ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі 66% құрап отыр және алдағы уақытта бұл көрсеткіш едәуір артады деген болжам бар.

Соңғы жаңалықтар