Елтаңбамызда шаңырақтың суреті бекер тұрған жоқ – Дулат Әбілдин

None
None
НҰР-СҰЛТАН, ҚазАқпарат – «Өзіне қол жұмсамақ болған адамды құтқарып қалдық. Сол кезде отбасылық құндылықтар институтын құратын кез келгенін түсіндік». Елордада өткен отбасы құндылықтары туралы коуч-сессияда сөз сөйлеген Дулат Әбілдин осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы шара өткен соң 2 қараша күні Danalyq отбасылық құндылықтар институтының ашылу рәсімі болады. Одан кейін қай мектептерде, қандай дәріс, қай уақытта болатыны анықталады. Ал бүгінгі шарада алдағы уақытта қалай жұмыс істейтініміз туралы бағыт-бағдарымызды анықтап аламыз», - дейді аталған институттың негізін қалаушы Дулат Әбілдин.

Ол отбасы құндылықтары институтын ашу туралы идея қайдан келгені туралы әңгімеледі.

«Біз 2 жыл бойы ойланып-толғанып, осындай институт ашу туралы шешімге келдік. Шамамен бір ай бұрын біз танитын бірнеше отбасында қайғылы жағдай болды. Бірінші отбасында ерлі-зайыптылар ұрсып қалып, әйелі өзіне қол жұмсады. Нәтижесінде кішкентай балалар анасыз қалды. Екінші отбасында балалар өзіне қол жұмсады. Неге олай болғанын түсінбей қалдық, себебі ол отбасы әлеуметтік жағдайы жақсы, жетістікке жеткен отбасы еді. Үшінші әулетте әйел өзіне қол жұмсамақ болып, Алланың қалауымен мен құтқарып қалдым. Осы кезде «2 жыл бойы ойда жүрген идеяны бүгін жүзеге асырмасақ, қашан асырамыз?» деген ой келді. Сөйтіп әртүрлі саладағы мамандардың басын біріктіріп, осы мәселені шешу туралы тоқтамға келдік», - дейді көпбалалы әке.

Шараға әртүрлі сала сарапшылары, қоғамдық ұйымдардың төрағалары мен мүшелері қатысуда.

«Бүгінгі таңда институтымызда педагог, психолог және басқа да 30 тәжірибелі маман бар. Олар психологиялық көмек керек отбасыларға тегін қызмет көрсетіп отыр. 2017 жылғы статистика бойынша, отбасын құрған үш отбасының бірі ажырасып кетеді. Бұл – 10 жыл ішінде дүниеге келуі мүмкін 1 миллион баланың дүниеге келмегенін білдіреді. Бұл – бір ғана мәселе. Одан басқа отбасылық мәселелер жетерлік. Отбасы мықты болса – ұлт та мықты болады, ал ұлт мықты болса – экономикамыз да мықты болады. Елтаңбамызда шаңырақтың суреті бекер тұрған жоқ», - дейді ол.

Коуч-сессияда Danalyq отбасылық құндылықтар институтының нақты кейс-мысалдары арқылы институтты дамытудың стратегиялық мәселелері талқыланды.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталған коуч-сессияда еліміздің отбасы құндылықтарын дамытатын институттарға мұқтаж екені және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайту керектігі айтылған болатын.

Автор: Зарина Қаһарман

Соңғы жаңалықтар